Ақтаудан әскер қатарына шақырылған 18 жастағы Еркебұлан Досымбет қазір Ақтөбедегі ауруханада ем қабылдап жатыр. Сарбаздың анасы Гүлдана Ерманқызы Dalanews.kz редакциясына берген сұхбатында ұлының әскери бөлімде қысым көргенін мәлімдеп, оны ұрып-соқты деген үш сержантты жауапқа тартуды талап етті. Қазіргі уақытта аталған дерекке байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Гүлдана Ерманқызы - Ақтау қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы. Еркебұлан - екі қыздан кейінгі үшінші перзенті әрі ұлдарының үлкені.
Оның айтуынша, 2007 жылы туған Еркебұлан 2026 жылғы 3 маусымда көктемгі шақырылыммен әскер қатарына алынған. Жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, өз еркімен аттанған.
“Балам әскерге өзі барғысы келді. “Басқа жігіттер де барып жатыр, мен де Отанымды қорғаймын” деп, медициналық тексеруден өз еркімен өтті. Ақтөбеге кетуіне екі сағат қалғанда ғана маған хабарлады. Әскерге үлкен ықыласпен аттанған еді”, - дейді сарбаздың анасы.
Анасының сөзінше, Еркебұлан әскери қызметші болуды армандаған. Ол әскери дайындық кезінде де жақсы нәтиже көрсетіп, командирлерінен мақтау естіген.
“Нұрбол есімді командирі Еркебұланның нысана көздеуден бірінші орын алғанын айтып, грамотасын көрсетті. Әкесіне “Балаңызды жақсы тәрбиелепсіз” деп мақтаған еді. Осындай талапты баланың не үшін мұндай жағдайға тап болғанын түсінбеймін”, – деді ол.
Анасы ұлының бірнеше рет соққыға жығылғанын мәлімдеді
Гүлдана Кетебаеваның айтуынша, ұлы әскери бөлімдегі үш сержанттың өзін бірнеше рет ұрып-соққанын айтқан. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер бейнебақылау камералары жоқ жерлерде болған.
“Баламнан “Олар саған не үшін тиісті, сен не істедің?” деп сұрадым. Ол ешқандай тәртіп бұзбағанын айтты. “Камера жоқ жерде келіп, теуіп, ұрып кетеді” дейді. Жігіттерді етпетінен жатқызып қойып, үстінен жүгіріп өтетіндерін де айтты. Басын көтерген адамды тебеді екен”, – деді анасы.
Оның мәлімдеуінше, Еркебұлан шап тұсынан соққы алғаннан кейін өздігінен кіші дәретке шыға алмай қалған.
“Алдымен сол жағынан қолымен ұрған, кейін сержант тізесімен шап тұсынан соққы жасаған. Содан кейін балам зәр шығара алмай қалған. Басқа сарбаздардың шап тұсынан соққы алған-алмағанын білмеймін. Ал балаларды жатқызып, үстінен жүгіріп өтетін жағдайдың бәріне ортақ болғанын айтты”, – дейді Гүлдана Ерманқызы.
Баламды көргенде шошып кеттім
Сарбаздың анасы Ақтөбеге келген кезде ұлының жағдайы ауыр болғанын айтады. Оның сөзінше, Еркебұлан қатты жүдеп, көзі шүңірейіп, катетермен жатқан.
“Баламды алғаш көргенде шошып кеттім. Шашы өсіп кеткен, өзі қатты азып, көзі ішіне кіріп кеткен. Өздігінен дәретке шыға алмай, катетермен жатты. Әскерге жігермен кеткен баланың көңіл күйі мүлде өзгерген. Қазір “Анашым, мені алып кетші, әскери қызметті жалғастырғым келмейді” дейді”, – деді ол.
Қазіргі уақытта Еркебұлан ауруханада ем қабылдап жатыр. Анасының айтуынша, катетер алынып, сарбаз өздігінен жүріп-тұра бастаған. Алайда әлі де ауырсыну белгілері бар.
“Құдайға шүкір, қазір өз аяғымен жүр. Катетерді алып тастады, өздігінен дәретке шығып жатыр. Бірақ соққы алған жерлері әлі ауырады. Ем-домын жалғастырып жатыр. Әкесі екеуміз қасындамыз”, – дейді анасы.
Сарбаздың көру қабілеті нашарлаған
Гүлдана Ерманқызы ұлының көру қабілетіне де алаңдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Еркебұланның бала кезінен астигматизмі болған және көру көрсеткіші 4 шамасында болған.
Алайда кейінгі тексеру кезінде сарбаз бұрын қолданған көрсеткішпен де анық көре алмаған.
“Балам сержанттардың басынан ұрғанын айтты. Әкесі екеуміз көзін тексертуге апардық. Бұрын –4 көрсеткішімен көретін, ал қазір сол линзамен де анық көре алмады. Көру қабілеті төмендеген болуы мүмкін. Сондықтан оны тағы бір ақылы тексеруден өткізуді жоспарлап отырмыз”, – деді ол.
Анасы сондай-ақ көру қабілеті нашар болған ұлының әскери медициналық тексеруден қалай өткені де сұрақ тудыратынын айтты.
Бізден ешкім кешірім сұраған жоқ
Сарбаздың анасының айтуынша, осы уақытқа дейін ұлын ұрды деген сержанттар да, олардың жақындары да отбасымен байланысқа шықпаған.
“Мен де, баланың әкесі де ұлымды ұрды деген сержанттарды көрген жоқпыз. Бізден ешкім кешірім сұрамады. Әскери бөлім басшылығы тарапынан да болған жағдайға байланысты кешірім айтылған жоқ”, – деді Гүлдана Кетебаева.
Ол Батыс өңірлік қолбасшылығы өкілдерінің бірімен сөйлескен кезде өзіне дөрекі жауап берілгенін де мәлімдеді.
“Біз 5 маусымда келгенде ешкім кешірім сұрамады. Керісінше, басшылық өкілдерінің бірі “Балаңды ауруханаға жібергеніме рақмет айт” деді. Тағы бірі балама қатысты өздерінде “компромат барын” айтты. Әскери бөлім басшылары маған ауыр сөздер айтты”, – дейді ол.
Редакция әзірге аталған мәлімдемелерге қатысты әскери бөлім мен Батыс өңірлік қолбасшылығының ресми түсініктемесін алған жоқ.
Ата-анасы аурухана маңындағы көлікте түнеп жүр
Гүлдана Кетебаеваның айтуынша, әскери бөлім бастапқыда ата-анаға бірнеше күнге пәтер жалдап берген. Алайда отбасы арыз түсіргеннен кейін баспана кері алынған.
“Әскери бөлім бізге бір-екі күнге пәтер жалдап берген еді. Арыз жазылғаннан кейін оны қайтарып алды. Біз ол жерге бір рет қана барып, жуынып, бірнеше сағат демалдық. Қазір әкесі екеуміз аурухананың жанында, көлікте күндіз-түні баламызды күтіп жүрміз”, – деді сарбаздың анасы.
Үш сержанттың жауапқа тартылуын талап етті
Сарбаздың ата-анасы құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Осыған байланысты отбасы іс материалдарының барлық жай-жапсарын жариялай алмайтынын айтты.
“Тергеушілер мен прокурорлар тергеу жүріп жатқан кезде кейбір мәліметтерді айтуға болмайтынын ескертті. Сондықтан істің ішкі деректерін жариялай алмаймыз. Бірақ арыз жаздық және бұл істі сотқа дейін жеткіземіз”, – деді Гүлдана Ерманқызы.
Ол ұлын ұрып-соқты деген үш сержанттың заң алдында жауап беруін және істің ашық қаралуын талап етіп отыр.
“Менің талабым – балама азап көрсетті деген үш сержант жауапқа тартылсын. Сот ашық әрі жария өтуі керек. Болашақта сарбаздарға күш көрсеткісі келетін адамдар мұндай әрекеттің соңы жауапкершілікке әкелетінін білсін. Балалармен жұмыс істейтін әскери қызметшілердің білімі мен біліктілігіне де баса мән берілуі қажет”, – деді сарбаздың анасы.
Қазіргі уақытта Еркебұлан Досымбет Ақтөбедегі ауруханада ем қабылдап жатыр. Оқиғаға қатысты тергеу жалғасуда. Сарбаздың денсаулығына келтірілген зардаптың сипаты мен оқиғаның өзге де мән-жайына тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға берілуге тиіс.