«Жиналысты жауып, кетіп қаламын!». Қазақ пен ұйғырды жарастыруға келген әкім жұртты осылай сабырға шақырды

Dalanews 29 қаз. 2021 04:50 1369

Дәл қазір Жаркенттің Пенжім ауылындағы жасөсіпірімдердің төбелесі елдің назарын өзіне аударып тұр. О баста мұны қазақ пен ұйғыр арасындағы ұлтаралық араздық дабыл қаққандар да болды. Бірақ  бұған Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев балалардың бұзақылығы деп өз бағасын берді. Қалай болса да, шу шыққаны анық. Ұйғыр балалары қазақ баласын соқыға жыққан. Таяқ жеген бала аурухана төсегіне таңылып, ем қабылдауда. Аудан әкімінің өзі таяқ жеген балаға тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын алға тартты.

Дәл осы мәселеге байланысты түнеукүні Пенжім ауылында Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен аудан әкімі Талғат Өмірәлиев ауылда тұратын қазақ пен ұйғырдың басын қосып жиын өткізді. Бұл жиынды Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы жасаған тікелей эфирден көрудің сәті түсті.

Жиналыс басталмай тұрып Асылхан Мамашұлына шағын сұхбат берген Панфилов ауданы Талғат Өмірәлиев мекетепте болған оқиғадан кейін ауыл жастары жиналып, бұзақылық әркетке барғанын айтты.

Ал жиналыс болардың алдында жергілікті ұйғыр әйелдер қазақ балалар мектепте өздерінің балаларына қағып-соғып, әлемжеттік жасайтынын айтып шағынды. Осы бір жайттан Пенжім ауылында үлкендерді былай қойып, балалардың келіспей жүргенінен ауылдағы тәрбие мәселесі қатты ақсағаны көзге ұрып тұрды.

Жиналысты тікелей эфир барысында бастан-аяқ көргенімізде Пенжім ауылында емес, Панфилов ауданында біраз ұлатарлық қатынасқа сына қағатын мәселенің бар екеніне көзіміз жеткендей болды.

Ауыл халқы ұйығырлар қазақ таксиге мінбесе, қазақтардың ұйғыр таксистерге мінбейтінін жасырмай айтты. Қазақтың дүкеніне ұйғырлар, ұйғырдың дүкеніне қазақтар келіп зат алмайды екен. Кезінде мешітте де осындай жағдай орын алып, кейіннен екі мешітті қосып бір мешіт жасапты. Ұзын сөздің қысқасы ауданда ұйғырлардың бөлектеніп, жеке таксиге мініп, бөлек асханаға баратынын естігенімізде жағамызды ұстағандай болдық.


Осы ретте Панфилов ауданы әкімдігінде ақ жағалылардың ұлатарлық татаулықты сақтауға қатысты біраз жұмысты қожыратып алғанына көзіміз анық жеткендей болды.

Айтпақшы, ауыл тұрғындары (қазақ пен ұйғыр) ащы шындықты айтуға ұмытылған сәтінде Панфиов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев «жиналысты жауып, кетіп қаламын» деп халыққа міндетсігенін түсіне алмадық.

Облыс әкімі Амандық Баталов осы жиналысқа Өмірәлиевті арқасына мылтық тақап, зорлықпен әкелмегені анық қой. Мәселенің тігісін жатқысызып, қазақ пен ұйғырды жарастырады деген әкім қарапайым халыққа «кетіп қаламын» деп бір емес екі рет қайталап айтқанынан Өмірәлиевтің анау айтқандай бітімгер емес екенін байқадық. Күйеуінен таяқ жеген шайпау әйелдер «кетіп қаламын» деп қорқытушы еді. Ал мұндай сөздің білдей әкімнің аузынан шығуы қызық екен.

Ең болмағанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымынан хабарсыз ба деп қалдық. Тоқаевтың тұжырымдамасынан толықтай хабардар болса, әкім мұндай әрекетке бармас еді. Қайта жиналысқа қатысқан белгілі айтыскер Жандарбек Бұлғақов жұртты сабырға шақырғаннан кейін, зал тынышталғандай болды.

Пенжімдік жастар Талдықорғаннан ат терлетіп жеткен Батыржан Байжұмановқа ауыл мектебінің Абдолла Розбакиев атымен аталуы да жасөспірімдар арасындағы кикілжіңге жиі себепші болып отырғанын айтты. Бұдан басқа ауылдағы көше аттарына да қазақ тілінде атау беруді ұсынды. Өз кезігінде Батыржан Байжұманов бұл мәселені қарастыруға уәде берді.

Жиналысты тікелей эфирден көргенімізде Жаркентте кезек күттірмей шешетін мәселелер көп екеніне кімнің де болсы көзі жеткені анық.

Ал мұндай мәселені жұртты «кетемін» деп қорқытатын Өмірәливтің командасы шеше ала ма? Оған баға беру қиын. Қалай болғанда Жаркенттегі қазақ пен ұйғырды татулықпен ынтымаққа үндейтін идеология керек екенін сезіндік.

Нұрлан Жұмаханов

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар