Мұндай шоу бағдарлама дүниежүзінің барлық елдерінде жүріп өткен Білмесе «Қазақстан дауысын» ұйымдастырушылар білмеуі мүмкін. Әйтеуір жарнамасында «бұрын соңды болмаған дүние» деп атын дардай қылып көрсеткен соң, өз ойымызды айтып жатқанымыз ғой. Бұл шетелде сан мәрте ұйымдастырылып, әбден «тізесі шыққан» жобалардың бірі (Ұлттық арнаның шоумендері білмеуі мүмкін). Сондықтан оны теңдесіз жобаға жатқызып, жер-көкке сыйғызбай мақтаудың жөні жоқ. Біздің айтпағымыз бұл емес. Осы жоба басталғалы бері ру-руға бөлініп келген қазақтар жер-жерге бөлініп әдбен жанығып алды. Жобаға қатысқан жерлестеріміздің өнерінен бұрын «жерлестігін» назарда ұстап, дауыс беретін әдет таптық. Сондықтан жобаны «Қазақстан дауысы» деп дабырайтудың жөні жоқ еді.
"Қазақстан дауысы" жобасы басталғалы бері ру-руға бөлініп келген қазақтар жер-жерге бөлініп әдбен жанығып алды. Жобаға қатысқан жерлестеріміздің өнерінен бұрын «жерлестігін» назарда ұстап, дауыс беретін әдет таптық.
Жас таланттар да көк жәшіктен соңында қалған еліне жәутеңдей қарап, өзіне дауыс беруін өтінген аянышты кейпін көргенде, ұялы телефонмызды қолымызға алып, бірлік таусылғанша дауыс бергенімізді өзіміз де байқамай қалдық. Өңірдің намысын ту етіп көтерген баладан аяғанымызды ит жесін дедік. Малға шөп салынбай, қора тазанбай қалса да «Қазақстан даусының» кезекті санын жібермей тамашалап, бар даусымыз бен ыстық ықыласымызды хабарламаға сыйдырып жолдап отырдық.
Жұрттың назарын аударған жоба барысында жер-жерге бөліну барша қазақ мидай араласқан Астана мен Алматыда байқалмаған шығар. Бірақ өңірлерде «Қазақстан дауысы» ең өтімді тақырып болғаны сөзсіз. Көпшілік жас таланттың өнерін жете түсінбесе де жерлес екенін ескеріп, қолдау көрсетіп бақты. Осылайша «ауылдастың аты озғанша, ағайынның тайы озсын» деген ұстанымды берік ұстанғанымызды жасырып қайтеміз.
Шоу өзінің шарықтау шегініне жеткенде кейбір талантты жастар өзіне тәлімгерлердің қиянат жасағанын айтып салды. Айталық, Гүлім Жүсіпбекова көрермендердің қолдауына ие болғанымен, Медеу Арынбаевтың талғамына жауап бере алмай, жарысты жалғастыра алмағанына ренішті екенін жасырмады. Тәлімгері Медеу Арынбаевтың өзіне әділетсіздік танытқанын БАҚ арқылы жарты әлемге жар салды. Муызкалық біліміміз болмағандықтан бұл жерде бәлен деп төрелік айтудың орынсыз екенін түсінеміз. Бірақ Медеу Арынбаевтың ел танитын талантты, кәсіби әнші екенін білеміз. Сондықтан Медеудің де бір белгені болғаны анық. Әйтпесе жас талантқа несіне тәлімгер болды дейсіз. Додада тәлімгерлердің берген бағасының маңызы зор болуы тиіс. Өйткені олар кәсіби маман.
Бауыржан Ретбаевтың өнердегі ұстазы, әнші Лұқпан Жолдасов «Қазақстан дауысы» жобасы жүрген сәтте шәкіртіне мүлде дауыс бермегенін айтты. Кәсіби әншінің бұл сөзінен кейін бұл жоба шыныменде "Қазақстан дауысын" айқындайтындай биік өнер додасы емес екенін аңғару қиын емес. Егер «Қазақстан дауысы» шынмен де жан алысып, жан беріскен дода болса, Л.Жолдасов кірпік қақпай бақылар еді.
Бірақ замануи технологияларға арқа сүйеген телеарна қызметкерлері қазір көрерменнің өзін әділқазыға айналдырып жіберді емеспе? Қазір телеарна саясатының 50 пайызын бесіктен белі шықпаған балалар, ерік қуған жастар қалыптастыратын болғаны жасырын емес. Өйткені рейтингті солар түзеді емес пе? Егер техникалық тұрғыдан мүмкіндік болса, «Қазақстан дауысына» дауыс берген адамдардың арасынан ойы мен сөзі орнықты кісіні табу қиын соғар еді. Бұл ретте жобаны ұйымдастырушылар «көпке топырақ шашпаңыз» деп шу ете қалуы мүмкін. Қалай десекте, бұл айдай анық дүние. Мәселен, жобада жеңіске жеткен Бауыржан Ретбаевтың өнердегі ұстазы, әнші Лұқпан Жолдасов «Қазақстан дауысы» жобасы жүрген сәтте шәкіртіне мүлде дауыс бермегенін айтты. Кәсіби әншінің бұл сөзінен кейін бұл жоба шыныменде "Қазақстан дауысын" айқындайтындай биік өнер додасы емес екенін аңғару қиын емес. Егер «Қазақстан дауысы» шынмен де жан алысып, жан беріскен дода болса, Л.Жолдасов кірпік қақпай бақылар еді.
Қазіргі таңда жұрттың бәрі шоу бағдарламаларға үйір. Сондықтан шоу бағдарламалар арқылы ұлтты ұйыстырудың жолын қарастырған абзал. Ұлттық арна басшылары жұртты жер-жерге бөліп желіктіргенше, көпшіліктің тағылым түйетін бағдарлама дайындауға күш салса жөн болар еді. Қазір телеарналарда аймақтардың өнерін жарыстырған, ел ішінен талантты әншіге іздеу салған бағдарламалардан аяқ алып жүре алмайсың. Осындай бағдарламаның арқасында қазір әншілерден үй салатын деңгейге жеттік. Ауданды былай қойғанда қазір әр ауылдың «Жеке дауысы» мен «Екі жұлдызы» бар. Егер мұндай шоу бағдарламаларға шектеу қоймасақ, таяу болашақта жұрттың бәрін талантты әншіге айналдырып, «жаңа есім, жаңа дауысты» шетелден экспорттауымыз мүмкін.
Жарбол КЕНТҰЛЫ.