Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған айтыс аламанына еліміздің әр қиырынан 24 ақын қатысқан. Сөз сайысына Қазақстан және КСРО Халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек ері» орденінің иегері Асанәлі Әшімов бастаған Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржанов, Алтынбек Қоразбаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Халиолла мен Ахметжан Өзбеков сынды өнер майталмандары қазылық етті.
Өз сөзінде Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының Төрағасы Жүрсін Ерман:
– Соңғы жылдары Атырау – айтыстың астанасына айналды деуге болады. Елде індетке қатысты шектеу шаралары, қиындыққа қарамастан Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қолдауымен барлық қауіпсіздік ұстанымдары сақтала отырып ұйымдастырылған айтыс жоғары деңгейде өтті.
Мемлекет басшымыз «бұл жыл – той жарыстыратын емес, ой жарыстыратын жыл болсын» деген еді. Міне, осы сөзге лайықты шарапатты шара болды. Ұлттың тарихын түгендейтін, шамшырағын анықтайтын, Абайға арналған іс-шаралардың сәтті қорытындысы осы болды деп ойлаймын, – деді.
Қазылардың шешімімен «Қалың елім, қазағым» атты республикалық ақындар айтысында Бас жүлдені елордалық ақын Рауан Қайдаров иеленіп, 1 500 000 теңге жүлде алды. Ал бірінші орын да астанадан келген Еркебұлан Қайназаровтың қанжығасына байланды. Екінші орынды семейлік Рүстем Қайыртайұлы мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров еншіледі. Үшінші орынды елордалық Әсем Ережеқызы, қызылордалық Нұрмат Мансұров пен тараздық Алтынкүл Қасымбекова өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен арнайы жүлдеге сондай-ақ ынталандыруға ие болғандардың барлығына қаржылай сый берілді.
Өз кезегінде дүбірлі додада бас жүлде иеленген Рауан Қайдаров:
– Екі күн бойы Жайықтың жағасында ұлы Абайдың мерейтойына арналған үлкен дүбірлі дода өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 24 ақынның әрқайсысы үлкен өнер көрсетті деп ойлаймын. Осындай керемет рухани кеш сыйлаған Атырау халқына, облыс басшылығына зор алғысымды білдіремін, – деді.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына арнайы келген өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов ұлы Абайды асқақтату арқылы – ұлттың өресі биіктеп, руһы асқақтайтынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы да, Елбасымыз да Абай һәкімнің Қазақ руханиятындағы орны туралы әрдайым ерекше ой-толғауларын білдіріп келеді. Қойнауы құтқа толы Атырау өңірінде Ұлы Абай ұлағатты өнеріміз – айтыс арқылы ұлықталды. От ауызды, орақ тілді ақындарымыз екі күні қатарынан кестелі сөз айтып, кесек ойларын жеткізді. Жайықтың толқынындай арындаған сөз сардарлары жұрт көкейінде жүрген қоғамды, елді алаңдатқан өзекті тақырыптарды көтерді. Өйткені, бетің бар, жүзің бар демей өткір мәселелерді бұқпантайламай айту – бекзада өнеріміздің төл табиғаты. Ақындарымыз сонымен қатар, Абай һәкімнің тереңіне бойлап, тау тұлғасын әсем жырмен биіктетті. Халқымыз «әр жүйріктің өз биігі бар» дейді. Меніңше, жеңілген ешкім жоқ. Әр ақын халық көңілінің төрінен орын алды, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы айтыскерлер мен айтысқа қазылық еткен қазақ руханиятының дарабоздарына өз ризашылығын білдірді.
– Ұлы Абай салған ұлы жолдан жаңылмай, қазақтың қасиетті сөз өнеріне қызмет ете беріңіздер. Абай хәкімнің шапағаты мен шарапаты арада қанша уақыт өтсе де халқына молынан тиіп жатыр. Тау алыстаған сайын биіктейді. Абай жолы Алашты ұлы мұратына жеткізсін! – деді облыс басшысы.
Айдын КАКИМОВ, Атырау облысы.