"Жұмыстан шығып кеткенін білмеппін...". Мас жүргізушінің әкесі мәлімдеме жасады

Dalanews 29 мам. 2020 05:22 919

Екі полиция қызметкерін өлтірді деп күдікке ілінген көлік жүргізушінің әкесі мәлімдеме жасады. Ол ұлының жұмыстан шығып қалғаны туралы білмегенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Әлеуметтік желіде бұрынғы полиция қызметкерінің әкесінің видеосы жарияланды. Талғат Мұқашев қаза болғандардың туыстарына тағы бір рет көңіл айтып, ұлы үшін кешірім сұрады.

"Сіздерден кешірім сұраймын. Мен ұлымның коронавирус жағдайына байланысты артқан жүктемені көтере алмай өз еркімен жұмыстан кеткенін білмеппін. Егер бұл туралы білгенде кеше олай деп айтпас едім. Мен жаңа ғана оның шыдай алмай, жұмыстан кетіп қалғанын білдім. Білмеймін, мүмкін ол маған мұны айтудан қорыққан шығар. Өйткені мен оны қатал әкемін. Дегенмен әркім қателікке бой алдыра алады. Менің балам да қателесті, мүмкін мен оны нашар тәрбиелеген шығармын. Балам, негізі жаман адам емес. Өмірде кез-келген нәрсе болуы мүмкін. Халқым, сіздерден кешірім сұраймын. Енді айыптауды доғарсаңыздар, сіздерде де бала бар шығар, сіздер де ата-ана шығарсыздар...", - деді ол.


Күдіктінің адвокаты да мәлімдеме жасады. Ол да Азат Азаматовтың туыстарын мазаламауды өтінді.

"Әкесімен сөйлесу кезінде ол кісінің де полицияда жұмыс істегенін білдім, бірақ оны сөз қылудың еш қажеті жоқ. Сондықтан қосымша ақпарат іздеп, оның туыстарын мазалауды доғаруды сұраймын. Оның кінәсін тек сот қана анықтайды. Барлық алып-қашпа сөз бен дүдамал болжамдағы пікірталастарды тоқтатуларыңызды сұраймын", - деді адвокат Марат Сұлтанбеков.

25 мамырда Алматы облысында 1992 жылғы мас жүргізуші блок-бекетті ойрандады. Екі полиция қызметкері оқиға орнында көз жұмды. Үшіншісі ауруханада жан сақтау бөлімінде жатыр.


Полиция мас жүргізушінің осыған дейін органда қызмет еткенін, бірақ өз міндеттерін орындамағаны үшін жұмыстан шығарылғанын айтты. Алайда оның әкесі журналистерге берген сұхбатында ұлының апатқа дейін полицияда жұмыс істегенін айтты. Зардап шеккендердің бірінің әйелі де күдіктінің полицияда істегенін айтып желіде жазба жариялады, бірақ оның қайын атасы бұл ақпаратты келіні жазбағанын айтты.

https://www.instagram.com/p/CAvTkR9ntat/

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар