Жұлдыз Сүлейменова жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді

Көркем Алдабергенова 02 ақп. 2026 13:00

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа Конституция жобасының көпшілікке ұсынылуын елдің саяси және құқықтық дамуы үшін маңызды кезең деп бағалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, жаңа Конституция жобасының әзірленуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің бірпалаталы моделіне көшу жөніндегі бастамасына негізделген.

«Баршаңызға белгілі жаңа Конституциясының жобасы көпшілікке ұсынылды. Бұл – еліміздің саяси және құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам», – деп жазды Жұлдыз Сүлейменова.

Ол конституциялық реформаларға дайындық аясында жарты жылға жуық уақыт сараптамалық жұмыс жүргізіліп, қоғамдық талқылау өткенін атап өтті. Министрдің сөзінше, осы процестің нәтижесінде өзгерістердің ауқымы мен тереңдігі ескеріліп, жаңа Конституция қабылдау туралы шешім қабылданған.

«Жарты жылға жуық жүргізілген сараптамалық жұмыс және қоғамдық талқылау нәтижесінде, өзгерістердің ауқымы мен тереңдігін ескеріп, жаңа Конституция қабылдау туралы шешім енгізілді», – деді ол.

Жұлдыз Сүлейменова Конституция жобасында Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, сондай-ақ табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттары негізгі деңгейде бекітілетінін айтты. Сонымен қатар білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға басымдық беру адам капиталына негізделген заманауи мемлекеттің бағытын айқындайтынын жеткізді.

Министрдің жазбасында құжаттың өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен жеке жауапкершілігі тұрғаны да атап өтілген.

«Құжаттың өзегінде – АДАМ, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен жеке жауапкершілігі қарастырылған. Дәстүр, бірлік пен рухани құндылықтар қоғамның орнықты дамуының негізі ретінде айқындалған», – деді Сүлейменова.

Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында мемлекеттің зайырлы сипаты және некенің ер мен әйелдің тең құқықты, ерікті одағы ретінде танылуы нақтыланған.

«Бұл – отбасы институтын, әйелдердің құқықтарын және ұрпақтар сабақтастығын қорғауға бағытталған маңызды норма деп санаймын», – деп атап өтті министр.

Жұлдыз Сүлейменова Конституция жобасының басты ерекшелігі оның ашық әрі кең қоғамдық диалог аясында дайындалғанын айтты. Оның сөзінше, Конституциялық комиссияның жұмысы тікелей эфирде, ашық форматта өткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove