Ж.Түймебаев: "Өңірдегі әрбір ауданда лагерь болуы қажет"

Dalanews 14 мау. 2017 16:02 843

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен жиын өтті. Мәжіліске облыс әкімінің барлық орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері және облыс әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.

Жиында тіркелмеген жер телімдері мен ауыл шаруашылығы кооперативін құру, несиелендіруді жеңілдету және аудандарды толығымен интернет желісімен қамту, компьютерлік сауаттылықты арттыру жайы қаралды. Сондай-ақ, білім ордаларын жаңа заманауи техникамен жабдықтау мәселесі мен Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде балаларына қолдау білдіре келген ата-аналарға мүмкіндігінше жағдай қарастыру жайы сөз болды.

Отырыс барысында облыс әкімі ең алдымен өңірде жазғы сауықтыру лагерлерінің аздығын айтып, бірқатар сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне сын ескертпе айтты.

– Облыста биылғы жылы 1 мен 10-сынып оқушыларының саны 579 мыңға жуық оқушыны құрап отыр. Ал, бұл балалардың жазғы демалысын тиімді етіп ұйымдастыру үшін, барлық талаптарға сай келетін жазғы сауықтыру лагерлері қажет. Мен әрдайым балалардың денсаулығы басты назарда  болу керектігін айтып келем. Бір Төле би ауданында 52 туристтік демалыс аймағы бар да, бірақ лагерлер жоқ. Ал, Түлкібас ауданында 12 лагерь бар, – деді әкім.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында аймақ басшысы аудандар өзара байланысып кенже қалған салалар бойынша тәжірибе алмасуды және жазғы сауықтыру лагерлерді салуды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қолға алуды аудан, қала әкімдеріне тапсырды.

Әрбір аудан, қаланы дамыту бойынша бағыт-бағдар берген аймақ басшысы Ж.Түймебаев әкімдердің атқарған жұмысын нақты бағалап, қорытынды шығарылатынын атап өтті. Сонымен қатар, ауыл әкімдерінің қызметке сәйкестігін анықтау үшін қайтадан әңгімелесуден өткізуді облыс әкімі аппаратының басшысы Ә.Тұрғымбековке міндеттеді.

Отырысты қорытындылай келе әкім облыстағы мемлекетке қарасты жерлерді оңды-солды таратпау үшін облыс әкімінің орынбасары Б.Жамаловқа ауыл шаруашылығы мақсатындағы жермен қоса арнайы реестр жасауды жүктеді. Сондай-ақ, экспортқа шығаратын өнімдерді сұранысқа қарай, әсіресе көкөніс пен бау-бақша өнімдері көлемін көбейтуді міндеттеді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар