Ж.Түймебаев: «Елбасы әкімдерге көмір мәселесін шешіп, су тасқынын алдын алуды тапсырды»

Dalanews 13 ақп. 2018 03:10 725

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде аудан, қала әкімдерімен селекторлық жиын өтті. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте 9 ақпан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жүктеген міндеттерді өңірде жүзеге асыру жайы талқыланып, бірқатар сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

– Үкіметтің отырысында еліміздің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары айтылып, алдағы өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды. Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша Елбасы индустриаландыру, «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары мен Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның іске асырылуы, қоғамдық сананы жаңғырту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыттарында жұмыстарды қатаң бақылауға алып, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне баға нарығын тұрақтандыруды, халықтың әл ауқаты басты назарда болу қажеттігін тапсырып, көмір мәселесімен қамтамасыз етуді, көктемгі тасқын судың алдын алу бойынша тиісті жұмыстарды атқаруды жүктеді, – деді облыс әкімі Ж.Түймебаев.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент цифрландыру жүйесінің тиімділігіне кеңінен тоқталғанын жеткізген облыс әкімі  бұл мәселе бойынша Елбасы өз Жолдауында жан-жақты айтып, нақты тапсырмалар жүктегенін атап өтті.

– Осы орайда, цифрландыру жүйесін өнеркәсіп пен денсаулық сақтау және білім беру саласына ендіру бойынша жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ цифрландыруды басқа салаға да енгізу үшін арнайы топ құрып, шұғыл тиісті шараларды қолға алуды тапсырамын. Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм бағытын дамыту бойынша қажетті шараларды күшейтуіміз қажет. Мұның ішінде ауыл шаруашылығы өңірдің экономикалық драйвері. Сондықтан да басқармаға Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, дамытуды қажет ететін бағыттардағы жұмыстарды жетілдіруді және нәтижелі көрсеткішке қол жеткізіп, сапалы өнім шығарып экспорт көлемін арттыруды жүктеймін, – деді Ж.Түймебаев.



Жиында аудан, қалада инвесторларды тарту бойынша белсенді әрекетке көшу керектігін ескерткен облыс басшысы барлық әкімдерге кәсіпорындар ашуды және тұрғындардың әл ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды басты назарда ұстауды жүктеді.

Селекторлық мәжілісті қорытындылаған өңір басшысы Үкімет қабылдаған барлық бағдарламалар мен биылғы Жолдауда қойылған міндеттерді толық орындау алдымызда тұрған басты міндет екендігін айтып, оны жүзеге асыруға жұмылуға шақырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

https://dalanews.kz/31022

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар