Жолаушылар "тарақандармен бірге" жол жүруге мәжбүр – Антикор

Қаракөз Амантай 12 ақп. 2025 16:50 1289

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов еліміздегі жолаушылар пойыздарының жағдайы көңіл көншітпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі таңда 14 тасымалдаушы жұмыс істейді. Оның ішінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ (ҚТЖ құрамында) және 13 жекеменшік компания бар. Алайда жолаушылар тарапынан пойыздардың санитарлық жағдайына, қызмет көрсету сапасына көптеген шағымдар түсуде.

"Пойыздардың санитарлық жағдайы нашар, қызмет көрсету сапасы төмен, жолаушылардан көп шағым түседі. Жолаушыларға тарақандармен бірге жол жүруге тура келеді. Бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше рет көтерді. Біз бұл мәселені былтырдан бері Көлік министрлігіне бірнеше рет көтердік, бірақ шешімін тапқан жоқ", – деді ол. 

Агенттік өкілі әсіресе "Маңғышлақ – Орал" және "Қостанай – Астана" бағыттарындағы пойыздарға ерекше назар аударды.

"Бұл бағыттарға жекеменшік тасымалдаушылар қызмет көрсетеді және мемлекеттен субсидия алады. Егер қаржылай қолдау көрсетілсе, онда пойыздардың сапасы да соған сай болуы тиіс. Ең болмағанда қарапайым санитарлық талаптар сақталуы керек. Біз бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтердік. Оған көлік прокуратурасы органдары да араласады деп үміттенеміз. Жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту – басты міндет", – деді Ұлан Сарқұлов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар