Жол құрылысына қатысты 10 жоба жүзеге асады

Жарбол Кентұлы 12 шіл. 2024 16:04 2773

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Бас жоспар мен Кешенді даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қазіргі таңда Бас жоспар аясында №8-10 шағын аудандарының жолы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жол Абай көшесі арқылы Арна ауылы мен 10-шағын ауданды жалғастырады. Мердігер – «Асар строй» ЖШС.

Көше 4 жолақты, ұзындығы 14,3 шақырымды құрайды. Сонымен қатар шағын аудандардың ішіндегі 12 көшенің жолына ағымдағы жөндеу жасалады. Жобаның аяқталу мерзімі 2025 жылға жоспарланған.

Құрылыс басына барған әкім мердігерді сынға алды.

«Мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр. Ал сіздер созып жүрсіздер. Ақша бөлінген, жобалық-сметалық құжаты дайын. Хаттама толтырылып, іс бақылауға алынады», - деді Асхат Бердіханов.

Кешенді даму жоспарына келсек, 2023-2027 жылдар аралығында инфрақұрылымды дамытуға арналған 187 жоба жүзеге аспақ. Биыл 51 жобаның құжаттары әзірленуде. Оның ішінде 10-ы жаңа жол салу мен күрделі жөндеуден өткізуге қатысты. Шаһар басшысы құрылыс жүретін көшелерді аралап, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына бірқатар тапсырма жүктеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар