"Жоғарғы сотта, прокуратурада жұмыс істейтін клиенттерім бар". Қазақстандық көріпкел шенеуніктердің құпиясын айтты

Көркем Алдабергенова 29 мам. 2024 11:02 2558

Қазақстандық көріпкел Бақыт Жұматова оның көмегіне Жоғарғы соттағылар да, прокуратурадағылар да жүгінетінін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

«Жоғарғы сотта, прокуратурада жұмыс істейтін клиенттерім бар. Көптеген журналистер маған жүгінеді. Әйелдер ғана көріпкелге жүгінеді деп айта алмаймын. Ер азаматтар да, жас балалар да келеді. Ер адамдар әйелі көзіне шөп салып жүр ме деген сұрақпен келеді. Ондай адамдар бұрын болған, қазір де бар, болашақта да болады. Бишімбаевтың сотында бәрі көріпкел, таролог деген нәрсе барын бірінші рет естігендей болды», - дейді Бақыт Жұматова Airan медиаға берген сұхбатында.

Ақ ана атты қаскелеңдік емдеуші кезінде Болат Назарбаев та келгенін айтады. 

«Мен Назарбаевтар әулетін  емдеген кезім болды. Біз отырған ғимаратты салған Болат Назарбаев деп айтады. Шын мәнінде ол салған жоқ. Бірақ ғимаратты салуға өзімнің шәкірттерім, қарапайым адамдар көмектесті», - дейді Ақ ана.

Экономист, қоғам қайраткері Айдар Әлібаевтың сөзінше, жоғары шенді мемлекеттік қызметкерлер арасында көріпкелге бару – қалыпты нәрсе.

«Олар әрине оны мойындамайды, тыныш барып келеді. Бірақ көбі көріпкелге жүгінеді. Біздің шенеуніктер үнемі өзіне сенімсіз жүреді. Бірақ ол да қалыпты жағдай. Себебі, оларды жиі ауыстырып тастайды. (...) Министрлер, әкімдердің бәрі көріпкелге жүгінеді. Оларды қорғап жүретін, көз тиюден қорғайтын жеке көріпкелдері болады. Кейбір көріпкелдер болашағы жарқын екенін айтып, көңіл күйін көтереді. Нақты кесіп айта алмаймын, бірақ Назарбаев та көріпкелге барған. Жалпы көріпкелдің көмегіне жүгіну Назарбаевтың кезінде сәнге айналған деген сөздер бар. Бірақ онсыз да ондай адамдар болар еді. Бәріміз болашақта не болатынын білгіміз келіп отырады ғой», - дейді Айдар Әлібаев.

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында шымкенттік көріпкел куәлік еткен болатын. 

Прокурор Айжан Аймағанова көріпкел жеке деректерін жария еткісі келмейтінін айтып, сот отырысы барысында судьядан оның тек дауысы естілуіне жағдай жасалуын сұрады. Көріпкел өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеген.

Сот отырысы барысында көріпкел Бишімбаевты 1,5-2 жылдан бері анасы арқылы білетінін айтты.

"Екі айда бір рет қоңырау шалып, жұмысы, кәсібі туралы сұрайтын. Мен тарологпын, ол бірдеңе білгісі келсе, "қарап көріңізші" деп жүгінетін", - деді ол.

Сонымен қатар, көріпкел марқұм Салтанат Нүкенова қайтыс болған күн туралы баяндап берді.

"Ол хабарласты. Нақты уақыты есімде жоқ. Менің қолым бос емес еді. Бірақ тұтқаны көтердім. Ол "Салтанат екеуміз қатты мас болып, төбелестік" деді. Бұл шамамен түстен кейінгі уақыт еді. 15.00-16.00 еді. Оның ішімдік ішкені байқалып тұрды. Қатты мән бермедім. Ол "қарап беріңізші" деді. Мен "дәрігерге хабарлас, жедел жәрдем шақыр" дедім. Ол "қайта-қайта қарап көріңізші" деді. Өте қысқа әңгіме болды. 30 секундтай. ..."Кеше қатты ішіп, қатты төбелестік" деді. "Мен не істейін?" дедім. Дауысы күндегідей емес еді, әр сөзін таңдап айтты. Мен "жедел жәрдемге хабарлас" дедім", - дейді куәгер.

Көріпкелдің сөзінше, Бишімбаев Салтанаттың ұйықтап жатқанын, қорылдап жатқанын айтқан. Сондай-ақ, қозғалмайтынын, тұрмайтынын, ештеңе ішіп-жемегенін жеткізген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар