Жылусыз қалып, шу шыққан Саран қаласына жаңа әкім тағайындалды

Көркем Алдабергенова 11 жел. 2024 10:22 359

Саран қаласына жаңа әкім тағайындалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Саран қаласының әкімі болып бұрын Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған Дарын Бұлқайыр тағайындалды.

Жаңа қала басшысын қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Депутаттар кандидатураны мақұлдады.

Саран басшысына қаланы дамытудың басым міндеттері белгіленді.

– Дарын Бейбітұлы қала әкімі лауазымында оған дейін басталған жобаларды жалғастырып, аяқтайтынына және жаңаларын іске асыратынына сенімдімін, бұл жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына және жалпы қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Жаңа әкімнің еңбек жолы қандай?

Дарын Бұлқайыр 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қарағанды қаласы әкімінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

2013 жылдан 2015 жылға дейін "Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі" ММ бас маманы, басшысының орынбасары болды.

Содан кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында – бас маман-заңгер, бюджетті атқару бөлімінің бас маманы, мемлекеттік сатып алу және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.

2017 жылдан 2021 жылға дейін Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2021 жылдан 2023 жылдың шілдесіне дейін Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасын басқарды.

2023 жылдың шілдесінен бастап осы таүайындауға дейін Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды.

Сарандағы жылу мәселесі

Еске салайық, премьер Олжас Бектенов қазанның ортасында Сарандағы пәтерлердің жылыту маусымына дайын еместігіне көңілі толмай, бұл жағдай үшін жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуға пәрмен берген еді.

Бұл оның жергілікті атқарушы билікке бағытталған елеулі және қатқыл ескертуі еді. Бектеновтің айтуынша, бұл мәселе қала әкімі мен облыс басшылығының бақылауының нашарлығынан туындаған.

Жылыту маусымына дайындық туралы жалған мәлімет берген әрбір жауапты адам тексеріліп, заң жүзінде жауапкершілікке тартылатыны алдын ала айтылған болатын. Дәл осы жағдай жергілікті әкімдер үшін жеке жауапкершіліктің қажеттілігін айқындап отыр.

Кейін, 28 қазанда, Саран әкіміне қатаң ескерту жарияланған кезде, көпшілік Баулықовтың тек сөгіспен құтылады деп пайымдаған еді.

Алайда, Үкімет басшысына бұл жаза жеткіліксіз болып көрінді.

Осылайша 30 қазанда Саран әкімі Еркін Баулықов жылу беру маусымының басталуында жіберген олқылықтары үшін қызметінен босатылған еді. Қазан айының ортасында құрылысы 10 жылға созылып, биыл салынып біткен жаңа орталық қазандықтағы ақауларға байланысты Сарандағы 168 үй жылусыз қалған болатын.

"Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды", - деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.

Ол бұл қызметті бір жылдан астам ғана уақыт атқарды.

Енді қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран әкімінің орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқаратын болды.

Саран тұрғындарының жылусыз қалуына қатысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да пікір білдірген еді. Оның сөзінше, Саран қаласының әкімдігі жаңа қазандықты іске қосу кезінде апат болған жағдайда резервтік қуаттарды қарастырмаған.

"Әкімдіктің кінәсі олардың қосалқы қазандықты әзірлемегенінде. Республикалық бюджеттен 9 млрд теңге бөлінген, жаңа қазандықты тамыз айында сынап көріп, ол жұмыс істеп кетеді деп сеніп қалған. Алайда резервті сақтап отыру керек еді. Әрине, мұндайға жол беруге болмайды", - деді Скляр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар