Жылусыз қалған Теміртау: әкімдік газға көшуге мәжбүрлеп отыр ма?

Самал Асқар 03 нау. 2026 15:47

Теміртауда жекеменшік сектордағы 26 үй бір аптаға жуық жылусыз және сусыз отыр. Апаттан кейін жергілікті билік тұрғындарға жылу желісін қалпына келтірудің орнына газға жедел қосылуды ұсынып, оны бес жылға пайызсыз бөліп төлеу тетігін жариялады, деп хабарлайды Dala news.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жылу трассасын бюджет есебінен жөндеу мүмкін болғанымен, желі өтетін жер телімі жекеменшікке тиесілі. Құжат рәсімдеу ұзаққа созылатындықтан, билік «ең жедел әрі сенімді жол» ретінде газбен жылытуға көшуді ұсынған. Ауданға газ құбыры тартылған, енді тек үйлерді қосу қажет.

Тұрғындармен өткен кездесуден кейін ТКШ жаңғырту орталығы арқылы келісім бергендерге газға қосылу шығынын бес жылға пайызсыз бөліп төлеу ұсынылған. Алайда тұрғындардың айтуынша, бір үйге шамамен 1 млн теңге шығын шығады.

Апат өткен аптада 1-ші Кольцевая көшесіндегі жылу магистралінде болған. Тұрғындар ақауды өз күштерімен жөндеуге тырысқанымен, нәтиже болмаған. Қазір олар баламасыз жағдайда газға көшуге мәжбүр.

Бұл – биыл Теміртаудағы алғашқы төтенше жағдай емес. Қаладағы тозған жылу және су желілері салдарынан әртүрлі аудандарда аязды күндері тұрғындар бірнеше рет жылусыз қалған. Инфрақұрылымның ескіруі мәселесі тағы да өткір көтеріліп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove