2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан аумағы арқылы өткен жүк транзитінің жалпы көлемі 36,9 млн тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,6%-ға артық. Аталған көрсеткіштер Қазақстанның еуразиялық көлік торабы ретіндегі рөлінің күшейіп келе жатқанын аңғартады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Qazaq Expert Club ұйымының көлік логистикасы саласындағы сарапшысы Айнұр Дивееваның айтуынша, Орта дәліз бүгінде қолданыстағы бағыттардың баламасы ретінде емес, жаһандық сауда тәуекелдерін әртараптандыру құралы ретінде дамып келеді. Іс жүзінде жүк жөнелтушілер ең жылдам емес, ең болжамды бағытты жиі таңдай бастады.
"Былтыр күзде Қазақстан үкіметі осы бағыттың жылдық өткізу қабілетін 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарын растады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5 млн тоннаға жуықтады. Салыстыру үшін айтар болсақ, салалық бағалауларға сәйкес 2021 жылы бұл бағытпен 1 млн тоннадан аз жүк тасымалданса, 2023 жылы шамамен 2,7 млн тонна жүк жеткізілді",- дейді сарапшы.
Бүгінде Орта дәліз – еуразиялық жүк ағындарының қайта бөлінуі жағдайында маңызды транзиттік арна. Бұл бағытта Қазақстан Қытай мен Каспий өңірі арасындағы негізгі құрлықтық буын болып отыр. Айта кетейік, маршруттың құрлықтағы бөлігінің 80%-дан астамы біздің аумақ арқылы өтеді.
Айнұрдың пікірінше, Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы транзитке ең дайын ел. Теміржол желісінің ұзындығы 16 мың км-ден асады. Қытаймен екі негізгі өткізу бекеті – Достық және Алтынкөл жұмыс істейді. Сонымен қатар Достық – Мойынты учаскесі жаңғыртылуда, бұл оның өткізу қабілетін жылына шамамен 12 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары жылына жиынтық түрде 20 млн тоннадан астам жүк өңдей алады.
"Дегенмен шектеулер жүйелі сипатта қалып отыр. Орта дәліз – Каспий арқылы міндетті теңіз бөлігін қамтитын мультимодальды тізбек. Оның тиімділігі тек қазақстандық теміржолға ғана емес, порттар мен флоттың, сондай-ақ Әзербайжан, Грузия және Түркия инфрақұрылымының үйлесімді жұмысына байланысты. Қазіргі уақытта Каспий порттарындағы жүк ауыстырып тиеу мүмкіндігі мен паром флотының қолжетімділігі әлсіз тұс болып отыр. Қытай – Еуропа бағыты бойынша Орта дәліз арқылы жеткізу мерзімі орта есеппен 15–25 күнді құрайды, ал солтүстік құрлық бағытымен бұған дейін 10–14 күн болған.
Әзірге Транскаспий бағыты бойынша тасымал құны дәстүрлі құрлық маршруттарына қарағанда орта есеппен жоғары болып қалып отыр. Сондықтан дәліздің өсуі қарқынды емес, эволюциялық сипатқа ие – жүк бұл бағытқа баға артықшылығы үшін емес, ең алдымен тәуекелдерді әртараптандыру мақсатында бағытталады", – дейді Айнұр Дивеева.
Еуразиялық транзиттік хаб мәртебесіне үміткер болу үшін Қазақстанға үш негізгі шартты қамтамасыз ету қажет: жеткізу мерзімдерінің тұрақтылығы, бәсекеге қабілетті тасымал құны және терең цифрлық интеграция (бірыңғай электрондық құжаттар), жүктің толық қадағалануы және бүкіл тізбек бойынша кедендік рәсімдердің үйлестірілуі.
