"Жыл таңдауы-2021": ШҚО-да жастар сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

Dalanews 22 желт. 2021 17:50 236

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында «Жыл таңдауы-2021» жастар сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Шаһардағы Неке сарайында «Жыл таңдауы-2021» жастар сыйлығының салтанатты марапаттау шарасы өтті. Үздіктер он номинация бойынша анықталған.

Оның ішінде «Үздік студент», «Үздік журналист» және «Үздік отбасы» сынды номинациялар бар. «Шара қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өтті. Ондағы мақсат – осы жылы түрлі салаларда үздік нәтиже көрсеткен жастарды марапаттау. Биыл қала әкімінің сыйлығына 50 өтінім түсті.

Жеңімпаздар комиссия шешімімен дауыс беру арқылы анықталды», - деді Семей қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Олжас Соғымбай.

Қатысушылардың сөзінше, осы шараның маңызы зор. Бұл жастардың жаңа жетістіктерге ұмтылуға деген ынталарын арттырып, шабыт сыйлайды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды. Марапаттау рәсіміне қала әкімі Бақытжан Байахметов қатысты.

Айта кетелік, облыс басшысы Даниал Ахметов өңір жастарына жан-жақты қолдау көрсетуді назардан тыс қалдырған емес. Ахметов аймаққа жұмысшы жастар қажеттігін үнемі айтып келеді.


Бұған дейін өңірдегі белсенді жастармен пікірлескен әкім облысқа электр-слесарь, машинист, тракторист, техник-технолог сынды жұмысшы мамандықтар қажет екенін айтқан.

"Қала мен аудан әкімдері, білім басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы өңірдегі ЖОО-мен бірлесіп, кәсіби бағдарлау жұмыстарын қолға алу қажет", – деген еді Ахметов.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар