Жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді - Тоқаев

Азамат Қойшығара 07 ақп. 2024 11:54 1226

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету керектігін міндеттеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйе үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі. Алайда, жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді.

Мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды. Соның кесірінен осы сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр. Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кетті", - деді Мемлекет басшысы.

Ол Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асқанын (2012 жылдан бері) атап өтті.

"Сондай-ақ Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды", - деді Тоқаев.

Жалпы, еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес. Балқаш жылу электр орталығы құрылысының аяқталмай қалуы, табиғи монополия субъектілерінің ашық жұмыс істемеуі, сондай-ақ тарифтердің өсімін қолдан тежеу – осының бәрі кезінде жіберілген қателіктердің салдары.

"Салаға түбегейлі реформа жүргізген жөн. Ол үшін жүйелі жұмыс атқару қажет", - деді Президент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар