Жетісудың үш жылдық есебі: Исабаевтың "жол картасы" нәтиже берді ме?

Dalanews 08 мау. 2025 20:06

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 2022 жылы жеке облыс болып қайта құрылған Жетісу өңірі небәрі үш жылдың ішінде республикадағы ең қарқынды дамыған аймақтардың көшін бастап, үздік үштікке енді.

Аймақ дамуының негізгі көрсеткіштері мен жетістіктері шынында да көз тартарлық. Осы уақыт ішінде облысқа 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, аймақтың келбеті түбегейлі өзгерді деп хабарлайды Dalanews.

Облыстың қайта құрылуы – жай ғана әкімшілік өзгеріс емес, аймақ тұрғындары үшін үлкен үміттің, жаңа өмір сапасының бастамасына айналды. Ендеше, үш жыл ішінде нақты не өзгерді?

Жетісу облысының алғашқы маңызды қадамы инвестиция тартудан басталды. 2022–2024 жылдары 135 млрд теңгелік 135 ауқымды жоба іске қосылып, жеке инвесторлар өңірдің өркендеуіне 796 млрд теңге құйды. Нәтижесінде 3500-ден аса жаңа жұмыс орны пайда болып, Талдықорғандағы «Asma industrial» аккумулятор зауыты, «Жетісу Мажико» май зауыты, «Стальбетон» кірпіш зауыты сынды нысандар аймақ экономикасын қуатты ете түсті.

Инвестициялық белсенділіктің артында тұрған тағы бір маңызды сала – көлік-логистика инфрақұрылымы. Аймақ экономикасын алға сүйреген «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) мен «Достық» бекеті қазір Еуразияның маңызды логистикалық хабына айналды. Мұнда жүзеге асып жатқан 38 ірі жобаның жалпы құны 629 млрд теңгеге жетті. Бұл Қазақстан мен Қытайдың арасындағы сауда-саттықты еселеп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Одан әрі агроөнеркәсіптік кешен де қарқын алды. Аймақтағы жер шаруашылығы қайта түлеп, бұрын қараусыз қалған 712 мың гектар егістік жер айналымға енді. Тәтті түбір – қант қызылшасының алқабы 3,3 есеге ұлғайып, рекордтық 635 мың тонна өнім жиналды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамту мақсатында жаңадан 55 ветеринарлық пункт іске қосылды. Соңғы үш жылда мал саны 2,5 млн-нан асты. Бұл жетістіктер аймақтың ғана емес, жалпы республиканың ауыл шаруашылығы саласына серпін берді.

Қарапайым халық үшін маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй құрылысы да ерекше қарқын алды. Үш жылда облыс бойынша 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 5 мыңнан астам отбасы баспаналы болды.

Талдықорған қаласынан бастап шалғай ауылдарға дейін тұрғын үй мәселесі жүйелі түрде шешіліп жатыр. Тұрғын үй кезегі қысқарып, апатты үйлердің саны 90%-ға азайғаны – әкімдіктің негізгі табыстарының бірі.

Жетісу үшін маңызды жетістіктердің қатарында табиғи газ тарту ісін де ерекше атап өту қажет. Аймақ құрылғанға дейін небәрі 5 ауыл газға қосылған болса, қазір бұл көрсеткіш 84-ке жетті. «Талдықорған-Үшарал» магистральді газ құбырының салынуы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары тұрғындарының жылдар бойғы арманын орындағалы тұр.

Көлік қатынасының жақсаруы да тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырды. Республикалық маңызы бар 500 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Әсіресе «Талдықорған-Үшарал», «Үшарал-Достық» жолдары толық аяқталып, өңір туризміне жаңа дем берді. Туризм саласы да Жетісудың ерекше жетістігіне айналып, өткен жылы аймаққа 2 миллион турист келген.

Әлеуметтік саладағы өзгерістер де айқын көрінді. Соңғы үш жылда облыстағы әлеуметтік нысандардың 52%-ы толық жаңартылды. 270 әлеуметтік мекеме салынды немесе жөндеуден өтті. Медицина кадрларының тапшылығын шешу үшін ауылдық жерлерге келген дәрігерлерге бір реттік көтерме ақы беру бастамасы республика бойынша бірінші болып Жетісуда қолға алынды.

Білім беру саласы бойынша да ауқымды жаңалықтар бар. Үш жыл ішінде 20 білім ордасы салынса, тағы бірнеше мектеп құрылысы жақын арада аяқталады. Әсіресе «Жайлы мектеп» жобасы аясында Жаркент пен Достық станциясында тұрғызылған 1200 орындық мектептер аймақтың білім саласындағы заманауи инфрақұрылымын көрсетті.

Әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салалары да назардан тыс қалмады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 774 нысан бейімделіп, инватакси саны екі есе артты. 33 спорттық нысанның ашылуы, мәдени ошақтардың жаңғыруы – бұқараның мәдени-спорттық өміріне ерекше әсер етті.

Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары Жетісудың көркіне көрік қосып, үш жылда 360 мың түп көшет отырғызылды. Балалар ойын алаңдары, саябақтар мен скверлер – өңір тұрғындарының жайлы тұрмысын қамтамасыз етіп отыр.

Үш жылдағы жетістік – халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуда Жетісудың мүмкіндігі мол екенін көрсетеді. Аймақ тұрғындарының алдағы жылдардан күтетін үміті де, сенімі де зор. Облыстың бұдан да биік белестерді бағындырып, республикадағы көшбасшы аймақ ретінде нығая түсері сөзсіз.

Фототілшілер: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев.

Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар