Жетісудағы «Alacem» зауыты 400-ге тарта адам жұмыспен қамтып, жыл сайын 2 млрд теңге салық төлейді

Dalanews 03 нау. 2021 05:51 1628

Өндірісі өркендеген өлкенің әлеуеті әрі қарай арта түспек. Аймақ қазынасына түсер түсімнің ендігі үлесі «Alacem» цемент зауытына тиесілі болмақ. Алматы облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Қызылжар ауылдық округінде орын тепкен бұл нысанның ірге тасы 2018 жылы қалана басталған боалтын.

Қызылжардағы цемент зауытының құрылысына 40 гектар жер бөлінген. Аталған аумақты компания басшылығы жалға алған.

Зауыт жылына 1,2 млн тонна цемент шығаруды жоспарлап отыр. Зауыт өнімінің 80%- ын Қазақстанның ішкі нарығында, бірінші кезекте Алматы облысының өзінде, 20%-ын Орталық Азия, Моңғолия және Қытай елдерінде сатпақ.

Жауапты тұлғалардың айтуынша, жоспарланған салық түсімдері жылына 2 млрд теңгеден астам соманы құрауы тиіс. Сондай-ақ, жергілікті мамандар үшін 386 жұмыс орны құрылады.


Зауыттың іске қосылуына 47 млрд теңге инвестиция тартылған. Инвестор қазақстандық-сингапурлық «Alacem» компаниясы болып табылады, оның құрылтайшысы ірі қазақстандық бизнесмен Нұржан Шакиров. «Alacem» компаниясындағы Сингапур мемлекетінің «Compact  Metal Industries LTD» компаниясының үлесі – 40%-ды құрайды.  Ірі өндіріс нысаны ағымдағы жылы 31 наурызда іске қосылмақ.

Айта кетейік, ағымдағы жылы өңірімізде «GreenLandAlatau», «Прима Құс»,   «ZhetysuKoy» ЖШС, «Eurasian green product» ЖШС жылыжайы, «KS Genetics Switzerland SA» мал шаруашылық кешені сынды  ірі жобалар  өз жұмысын бастайды.

 Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар