Жетісуда егінді жаңбырлатып суратын жабдықтар шығаратын зауыт салынады

Нұрлан Жұмахан 23 сәу. 2024 08:43 917

Талдықорғанда жаңбырлатып суаратын қондырғылар шығаратын зауыт салынады. Қыркүйек айында іске қосылатын кәсіпорынның қуаты жылына 1000-ға жуық жаңбырлатқыш машинаны құрауға жетеді, бұл жыл сайын 30-40 мың гектарды ылғал үнемдейтін технологиялармен қамтуға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпорынның Талдықорғандағы индустриалды аймақ аумағында салынатыны белгілі болды. «Жетісу Агро кешені» ЖШС компаниясы іске асыратын бұл жобаның жалпы құны 2 млрд теңге. Бөлінген жер учаскесінде тиісті дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Аймақ басшысы Бейбіт Исабаевқа болашақ кәсіпорынның мүмкіндіктері туралы айта келе, компания директорының орынбасары Қайрат Оспанов зауыт жылына 960 бірлік жаңбырлатқыш машина құрауға қауқарлы екенін жеткізді.

Өндіріс барысында шикізат ретінде отандық металл, сол сияқты датчиктер, бүріккіштер секілді құрамдас бөліктердің америкалық түрлері пайдаланылады. Дәнекерлеу мен лазерлік жұмыстарды жүргізу үшін өндірістік цехқа орнатылатын станоктар да америкалық болмақ.

Сонымен қатар болашақта трактор құрастыру цехы ашылып, осы техникаға қызмет көрсететін сервистік орталық құрылады. Әзірге 40 жұмыс орнын ашу көзделген. Жобаның іске асырылуының егжей-тегжейіне қызығушылық танытқан Бейбіт Исабаев қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жалпы бұл осы күзде іске қосылатын жалғыз кәсіпорын емес. Индустриалды аймақта өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын зауыт салу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы күні облыс әкімі бұл кәсіпорынның құрылысымен де танысты.

«ASMA Industrial» ЖШС өкілдерінің айтуынша, құрылысты жаздың ортасында аяқтап, қыркүйек айында іске қосу жоспарланған. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 210 мың дана аккумулятор шығаруға жетеді, жобаға 3,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Компанияның тең құрылтайшысы Серікбай Әжмағанбетовтың сөзіне сүйенсек, кәсіпорында стационарлық индустриялық батареяларда, яғни күн және жел электр станцияларында, тепловоздарда, жүк тиеу электротехникасында пайдаланылатын өнеркәсіптік аккумуляторлар шығарылатын болады. Мұндай өнімдер, мысалы, «Қазақтелеком», «KEGOC» сияқты компаниялар үшін керек.

Жалпы алғанда, өнеркәсіптік батареялар электр энергиясын үздіксіз берумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдарда қолданылады, яғни олар резервтік электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуде пайдалы. Өндірісті ұйымдастыру үшін Оңтүстік Корея жабдықтары әкелінген. Компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорында дайын өнімді өткізуде қиындық тумайды, өйткені қазіргі кезде экспортты ұйымдастыру үшін БАӘ компаниясымен іскерлік байланыс орнату жөнінде ұсыныстар бар.

Жетісу облысының «жасыл» энергетиканы одан әрі дамытуда әлеуеті зор екенін айта келе, Бейбіт Исабаев Алакөл ауданында инвесторлар қуаты 1 ГВт болатын ең ірі ЖЭС салуды жоспарлап отырғанын, бұл да «ASMA Industrial» ЖШС өнімдерінің сұранысын арттыратынын еске салды. Айта кетсек, өткен жылы Жетісу облысында электр энергиясының 75%-ы жаңартылған энергия көздерінен өндірілді. Бүгінгі күні өңірде белгіленген қуаттылығы 210,5 МВт болатын 15 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.

Күнбағыс майын өндіретін «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС зауыты тоқтап қалғаннан кейінгі кезеңде қайта іске қосуға дайын. Директоры Сенан Мұстафаевтың айтуынша, зауыт техникалық тексеруден өткен. Сынақ режимі аясында күнбағыс тұқымынан 113 тонна май сығылған. Шикізатқа қатысты да проблема жоқ, оны Ресейден жеткізу үшін келісімдер жасалған. Тек теміржол инфрақұрылымының жағдайы, атап айтқанда, шпалдарды жөндеуді немесе ауыстыруды қажет ететін шағын учаскенің мәселесі ғана өзекті болып отыр. 

Бұл ретте облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәселенің барынша қысқа мерзімде шешілетін айтып, бұған қатысты жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді. «Жуық арада зауытты іске қосудың маңызы үлкен. Оның үстіне техникалық, технологиялық жағынан дайын болғандықтан, бұл қиындық туғызбайды. Зауыт тұрақты жұмыс істесе, жергілікті фермерлердің күнбағыс өсірумен түбегейлі айналысуына мүмкіндік туады, өйткені өнімін нақты өткізетін  орны болады. Содан кейін шикізатты кезең-кезеңімен сырттан әкелудің қажеті болмайды. Сонда дайын өнімнің құны да төмендейді деген сөз. Соның нәтижесінде болашақта зауыт өсімдік майын өндірудің маңызды кластерлік тізбегіне айналады», - деп атап өтті Б.Исабаев.

Бүгінде кәсіпорын жылына 50-60 мың тонна шикізат өңдейді, одан әрі 100 мың тоннаға дейін жеткізбек. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, 100 мың тонна күнбағыс тұқымынан шамамен 40 мың тонна өсімдік майын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құстарын азықтандыру үшін кеңінен қолданылатын жом алуға болады. Зауыт темір жол учаскесі қалпына келтірілгеннен кейін 1-2 айдан кейін өз жұмысын қайта бастайды деп межеленген.

Жұмыс сапарының жалғасында Бейбіт Исабаев керамогранитті плиталар өндіретін «Алмаз-Керамикс» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты. Белгілі болғандай, кәсіпорында плиталардың 15 түрі шығарылады, 260 жұмыс орны құрылған. Өндірісте отандық шикізат пайдаланылады, ал дайын өнім Қазақстан бойынша да, Ресейде де сатылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 млн. шаршы метр плитка шығаруға жетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар