Freedom Inside '26

"Атамның күлкісі өшпесін": Ұлынан зәбір көрген қарияның немересі жаңа видео жариялады

"Атамның күлкісі өшпесін": Ұлынан зәбір көрген қарияның немересі жаңа видео жариялады
Dalanews.kz коллажы

Атырау облысы Сағыз ауылында ұлынан зәбір көргені айтылған 89 жастағы тыл ардагері Әділхан Сисеновтің немересі Нұрбақыт Ақниетқызы желідегі парақшасында жаңа видео жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Нұрбақыт Ақниетқызы әлеуметтік желідегі парақшасында атасымен бірге түскен әсерлі сәтін бөлісіп, қарияның қазіргі жағдайына қатысты жазба жариялады.

"90 жыл… Тұтас бір ғасырдың куәсі болған жүрек. Кеше ғана бізге өмірді үйреткен жан бүгін менің қасымда отырып, телефонның әр батырмасын баладай қызығып басып отыр. "Мынаны қалай ашады?", "Мынау қайда кетеді?" деген әр сұрағының артында сондай бір пәк көңіл жатыр. Әр күлкісінің артында үлкен өмір бар", – деп жазды ол.

Немересінің айтуынша, олар ауруханада отырғанымен, сол сәтте уайым да, ауыр ой да ұмытылғандай болған. Тек ата мен немеренің бірге күліп, бір-біріне жылу сыйлаған сәті ғана қалған.

"Бір кезде ол менің қолымнан ұстап өмірге жетеледі. Бүгін мен оның қолынан ұстап, жаңа дүниені көрсетіп отырмын. Өмірдің ең әдемі заңы осы шығар", – дейді Нұрбақыт Ақниетқызы.

Ол көпшілікке жақындарының қадірін уақытында білуге шақырып, қарапайым сәттердің кейін ең қымбат естелікке айналатынын жазды.

"Сондықтан бүгін құшақтап үлгерейік. Бүгін тыңдап үлгерейік. Бүгін бірге күліп үлгерейік. Өйткені ертең бізге дәл осы қарапайым көрінген сәттер ғана ең қымбат естелік болып қалады. Атамның күлкісі ешқашан өшпесін. Ақ сақалының саясы, батасы әрдайым төбемізде болсын", – деп жазды ол.

Бұған дейін БАҚ-та 1937 жылы туған қарияны кенже ұлы ұрып-соғып, үйде скотчпен байлап тастағаны туралы ақпарат тараған еді. Кезінде совхозда 40 жыл бойы басшылық қызмет атқарған ақсақал қазір қалада тұратын немересінің үйіне көшіріліп, күтімге алынған.