Жетісу облысында тұңғыш рет көшпелі оңалту жобасы қолға алынды

Ақтоты Жапатова 05 нау. 2025 16:26 458

Жетісу облысында тұңғыш рет әлеуметтік маңызы бар жоба – мүгедек жандардың үйінде көшпелі оңалту шараларын жүргізу қолға алынды. Аталған жоба «Асар» мүгедектерге арналған спорттық-оңалту орталығының базасында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Асар» орталығының директоры Елдос Баялышбаевтың айтуынша, бұл жоба орталыққа өздігінен келе алмайтындар үшін аса пайдалы. 

"Біз жұмыс барысында мүгедектігі бар адамдардың көпшілігіне оңалту орталығына келудің қиындық туғызатынын байқадық. Күндізгі уақытта кейбіреулер жұмыста болса, кейбіріне үйлерінен орталыққа жету оңай емес.  Сондықтан біз осы көшпелі оңалту жобасын қолға алдық. Біздің бұл маңызды бастамамызға облыс басшылығы қолдау білдірді", - деді Елдос Баялышбаев.

Жалпы бағдарламада пациенттердің екі тобы қамтылуда. Атап айтқанда, күндізгі шаралар өздігінен қозғала алмайтын азаматтарға бағытталып отыр. Ал сағат 21-ден 23-ке дейін түнгі топ жұмыс істейді. Бұл уақыт аралығында күндіз жұмыста болатындықтан орталыққа келе алмайтын мүгедек азаматтарға ем шаралары жүргізіледі. Жобаның ерекшелігі сол, мамандар пациенттердің үйіне барып, оларға сауықтыру массажы мен емдік дене шынықтыруын жасатады. Әр сеанс шамамен бір сағатты алады, әр пациентпен жеке жұмыс жүргізіледі. Көшпелі бригада құрамында массажист, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы мен жүргізуші бар. Бұл ретте мамандардың жұмысына қолайлы жағдай жасау үшін арнайы таңбаланған автокөлік сатып алынған.

Талдықорғандық отбасылар көшпелі оңалту шараларының игілігін алғашқылардың бірі болып көрді. 

"Зайыбым Анар 11 жыл бұрын инсульт алды. Үшінші қабатта тұрамыз, арнайы көтергіш жоқ болғандықтан, сыртқа шығу, оңалту орталығына бару бізге қиындық туғызады. Қазір үйімізге келіп, оңалту қызметін көрсетіп жатыр. Бұл бізге өте қолайлы. Мамандардың тиісті ем шараларын жасап жатқанына он күндей болды. Осы бастаманы іске асырып жатқан азаматтарға алғыс айтамыз", – деді А. Басшығұлованың жұбайы Қанат Қосуханов.  

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, бұл жоба – тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруға жасалған игі шараның бірі. Жыл соңына дейін осындай қызмет түрімен 200-ден астам адамды қамту жоспарланған. Алдағы уақытта көшпелі оңалту тобы облыс орталығы маңындағы аудандарға да шықпақшы. Бұл жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат жобаға тартылған мамандарға, яғни көлік жүргізуші, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы мен массажист маманның жалақысына жұмсалады.

Жалпы Жетісу облысында мүгедек жандар үшін ғимараттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 69% құрап отыр. Бұл – республика бойынша бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің шамамен 195 нысанын бейімдеу жоспарда бар. Облыс көлемінде қазір инватакси саны 32-ге жетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар