Жыл соңына дейін тағы 8 елді мекен көгілдір отынға қосылады. Бұл жайындағы мәліметті бүгін Астана қаласында өткен брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жеткізді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі барлық елді мекендер газдандырылады. Соның нәтижесінде 500 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 72% газға қол жеткізеді. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын газдандыру үшін «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының ЖСҚ-сы әзірленді. 2028 жылға қарай 124 мыңға жуық тұрғыны бар тағы 66 елді мекенді газдандырамыз, - деді журналистерге өңірді газдандыру туралы баяндаған облыс әкімі.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін 199,5 шақырым облыстық маңызы бар жолдар және 80 елді мекеннің ішкі көше жолдары жөнделеді деп жоспарланған.
Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі 93 пайызға жетеді.
Ал орталықтандырылған сумен 358 елді мекеннің 323-і қамтылған.
Жыл соңына қарай 2 ауыл орталық су жүйесіне қосылып, тағы 15 елді мекенінде ауыз судың сапасы жақсарады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.