Жетісу облысы әкімі «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жеңімпаздарын қабылдады

Dalanews 23 қыр. 2023 02:36 332

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 1300 шақырымдық «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгеде жеңімпаз атанған Жетісу облысының құрама командасының шабандоздары пен жаттықтырушыларын қабылдады. Команданың барлық мүшелеріне мен олардың жаттықтырушыларына 1 млн теңгеге сертификат табысталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аттың құлағында ойнайтын жігіттердің жетістігі тек қана Жетісудың емес, бүкіл қазақ елінің абыройы, ұлттық спортты әлемге әйгілейтін жарыс екендігін айтқан Бейбіт Өксікбайұлы:

– Сіздер баба жолын жаңғыртып қайттыңыздар. Жаугершілік заманда ел басына күн туғанда батырлар атқа қонып, мыңдаған шақырым жер жүретін. Сондай ұрпақ әлі де бар екендігін дәлелдедіңіздер.

Бұл тек жарыс емес, оның астарында ұлы мұраттар жатыр. Ұлттың салт-дәстүрі, құндылықтары бар. Сондықтан спорттық шеберліктеріңізді шыңдай беріңіздер, жетістіктеріңіз көбейсін, – деп жалпы облыста ұлттық спортқа лайықты көңіл бөлініп жатқанын баян етті.


Салтанаты жарасқан жиында сөз алған команданың аға жаттықтырушысы Рүстем Досжанов:

– Осы жарысқа бізді көксулық жерлестеріміз зор қолдау білдіріп шығарып салып, дәл сондай көңілмен күтіп алды. Бұл қолдау біз үшін күш беріп, жеңіске жетуімізге жігер берді. Осы сәтті пайдалана отырып, қажетті көлікпен қамтамасыз етіп, командаға қажет болған барлық қолдау шараларын көрсеткен азаматтарға өз алғысымызды айтымыз келеді.

Ендігі кезекте келесі жылы елімізде жалауы желбірейтін Көшпенділердің бүкіләлемдік ойындарына қатысуға дайындық жүргізетін боламыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды қазірдің өзінде бастап кеттік, – деп, жоспарымен бөлісті.

Өткен марафон-бәйгеден алған әсерлерімен команда жаттықтырушысы Нұрсапа Сабыржан, команда капитаны Айдархан Шәріпов пен команданың бірнеше шабандоздары бөлісті.

Кездесу соңында команданың барлық мүшелері мен олардың жаттықтырушыларына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Жетісу өңірінің ғажап табиғаты көрініс тапқан суреттер және жалпы командаға 1 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Облыс әкімі атап өткендей, Жетісу өңірінің спортын дамыту бағдарламасында ұлттық спорт түрлерін, соның ішінде ат спорты түрлерінен бөлек, бүркітшілер мен аңшы ит тұқымы саналатын тазыны күтіп баптауға ерекше мән берілген.

– Ұлттық спорт – халқымыздың салт-дәстүрінің айнымас бөлшегі. Оны сақтап, қолдау көрсетіп, одан әрі дамыту – өте маңызды! Бұл істі ілгерілетуге тек аға буын ғана емес, сонымен қатар жастардың да қызығушылығының жоғары екендігі көңіл қуантады.


Сөзімнің жарқын мысалы мен дәлелі ретінде сіздердің осы аламанда жеткен жарқын жетістіктеріңізді атап көрсетуге болады. Біздің жоспарда Жетісу облысы мен оның тұрғындарының әр кезеңде қол жеткізген жетістіктерін паш ететін Даңқ залын ашу жобамыз бар. Сіздердің қолдарыңыздағы осы бір әдемі кубокты өңір спортшыларының жарқын жеңісінің естелігі ретінде сол залға қоямыз, – деді облыс басшысы Бейбіт Исабаев.

Естеріңізге салар болсақ, биылғы 5-19 қыркүйек аралығында Астана-Түркістан бағыты бойынша 1300 шақырым қашықтыққа өткен «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесіне еліміздің қалалары мен облыстарынан 20 команда, 100 шабандоз қатысқан. 14 күндік марафон-бәйгеге Жетісу облысының құрама командасы қатысып, 1 орынды иеленді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар