Әлемдік деңгейде орын алған эпидахуал кейбір кәсіпкерлердің ісіне кері әсер етсе, енді біреулеріне жаңа жобаларды жүзеге асыруына ықпал етті. Карантинде ауыл шаруашылығы саласындағы білімін бизнеспен ұштастырған жандардың бірі Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округінің тұрғыны Қозыбай Әшеков. Қарапайым ауыл агрономы ұлы Алтаймен бірге қазіргі таңда пластикалық қалдықтардан (босаған баклашкалардан) мақта теретін комбайндарға аса қажетті шпиндельді щетка мен қалыңдығы 1мм болатын жіп шығарып жатыр.

«Мемлекетіміздің жүйелі саясатының нәтижесінде жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтардың қатары артып, берілетін несиелердің суммасы да көбейіп келеді. Біз де сол бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген пайызбен несие алуды, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтсек, өнім көлемін арттырсақ деген жоспардамыз» дейді Қозыбай Әшеков.

Айта кетейік, Қозыбай Әшековтың отбасы шпиндельді щетка шығарумен ғана емес, сонымен қатар, жылы жай, бау-бақша өсіру ісін де дұрыс жолға қойған. Бүгінде ауылдың 60 пайызын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етіп келеді.
Елдегі шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге барлық мүмкіндіктерді беріп отыр. Бұл елдегі жұмыссыздықты жоюға оң әсері етері сөзсіз екені анық.