Жетісай жастары балық аулап жарысты

Dalanews 22 қаз. 2018 10:46 993

Жетісай ауданында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен әуесқойлар арасында 2 күндік балық аулау сайысы өз мәресіне жетті. Жарысқа Түркістан облысының түкпір-түкпірінен 30-ға жуық команда мен 100-ге жуық балықшы қатысты.

Шардара су қоймасының жағалауында өткен балықшылар сайысы өте тартысты өтті. Ауа-райы қолайлы болғанымен қармаққа балық аз ілінді. Мамандар бұған күннің бірден суығаны себеп болғанын айтуда. Бірақ соған қарамастан командалар 24 сағат бойы жарыстың көркін қыздырды. Алғашқы балық 20 қазан күнгі түнгі сағат 22:00-дер шамасында қармаққа ілінді. Бұл жолы аудандық білім бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған «Батыл» командасы алғашқы балықты ұстаған болатын.

Екі күндік жарыстың қорытындысымен бірінші орынды «Нұрлы әлем» командасы қанжығасына байлады. Таңғы 5-тер шамасында 3 ірі балық ұстаған командаға балық аулау құралдары мен 30 мың теңге табыс етілді. Екінші орынды аудандық білім бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған «Батыл» командасы иеленді. Жүлдегер командаға 25 мың теңге мен аулауға қажетті құрал-саймандар табысталды. Ал үшінші орынды сарыағаштық «Алтын балық» командасына бұйырды. Бұл командаға 20 мың теңге мен құрал-сайман табыс етілді.

Айта кетейік, аталған жарысқа «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Жетісай аудандық бөлімінің басшысы Алладин Мырзаханов 100 мың теңге көлемінде қаржылай демеушілік жасады. Тартысты өткен жарыс алдағы жылдары да өз жалғасын табатын болады.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар