Қазақстанның жеті қаласында экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған ауқымды жоба басталды, деп хабарлайды Dala News.
Атырау, Талдықорған, Қарағанды, Орал, Қонаев, Түркістан және Тараз қалаларында өтіп жатқан бастама «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны Экология және табиғи ресурстар министрлігі қолдап, «Жасыл Даму» АҚ мен «Қазақстан экологиялық қоры» үйлестіруде.
Жоба аясында тұрғындарға, әсіресе оқушылар мен жастарға арналған экологиялық білім беру дәрістері ұйымдастырылған. Бағдарлама бес модульден тұрып, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Мәселен, алғашқы модульде қалдықтарды құрғақ және ылғалды түрде бөлек жинау түсіндірілсе, келесі бөлімдерде қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу тәсілдері және қаптамалардың экологияға әсері қарастырылады. Сондай-ақ 3R қағидаты — азайту, қайта пайдалану және қайта өңдеу принциптері үйретіледі.
Жоба шеңберінде қалалардағы мектептердің кемінде 10%-ы қамтылып, мұғалімдердің де 10%-ы арнайы оқытудан өтеді деп жоспарланған. Бұл экологиялық білімді жүйелі түрде таратуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қатысушылар EcoQolday цифрлық платформасымен танысып, қалдықтарды тапсыру мен бақылау тетіктерін үйренеді.
Дәрістерді профессорлар, ғылым кандидаттары және тәжірибелі мамандар жүргізуде. Жоба тек теориямен шектелмей, тұрғындардың күнделікті өмірде экологиялық дағдыларды қолдануына бағытталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды арттыруға ықпал етеді.
