Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот процесі басталды. Бұл іс бойынша жәбірленуші Абай Жүнісов Қайрат Сатыбалды тарапынан қысым болғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот тергеуі барысында Гүлмира Сатыбалды кәсібін тартып алған кәсіпкер Абай Жүнісов 2019 жылдың ақпанынан бері оны үйінде еркінен тыс ұстағанын, Гүлмира Сатыбалдымен байланысты компаниямен ұрлық жасағанын мойындауды талап еткен. Кәсіпкер бір ай "үйқамақта" болғаннан кейін оны әлдекімдер Қайрат Сатыбалдыұлының Алматыдағы Kaisar Plaza сауда орталығына әкелген.
"Гүлмира Сатыбалды бұл біздің соңғы кездесуіміз болуы мүмкін екенін айтты. Мені өз үйімде қамауда ұстағандар Қайрат Сатыбалдыұлының кабинетіне әкелді. Мен кабинетке кіргенде ол тіпті амандаспады. Маған бірден балағат сөз айта бастады. Ол мен еркімнен тыс үйқамақта отырғанымнан хабардар екенін түсіндім. Артынша кабинетке Гүлмира кіріп, мені ұрлық жасады деп айыптай бастады. Мен еш кінәм жоғын түсіндіре бастадым. Қайрат мені көрші кішірек кабинетке алып кетті, ол жер тас қараңғы еді. Ол менен ұрлық жасадың ба деп сұрады, мен жоқ дедім. Ол егер бірнәрсе тауып алса, ісі менімен болатынын айтты. Егер қашып кетсем, мені жердің түбінен болса да тауып алатынын айтты", - дейді жәбірленуші кәсіпкер.
Оның сөзінше, Қайрат Сатыбалды қоластындағыларға оның компаниясына аудиторлық тексеріс жүргізуді тапсырған. Кейіннен кәсіпкер Гүлмира Сатыбалдының оққағарларымен оның кәсібін тексерумен айналысқан "Сигма" компаниясының кеңсесіне жеткізілген. Ол өтірік детекторынан өтуге де мәжбүр болған екен.
"Маған қажет құралдарды кигізіп, өтірік детекторынан өткізді. Жасырын есеп-шоттарым немесе мүлкім бар-жоғын сұрады", - дейді Абай Жүнісов.
Жәбірленуші кәсіпкердің сөзінше, 2019 жылдың шілдесінде оны қайтадан "Сигма" кеңсесіне нәтижені естірту үшін шақырған. Кабинетте компания қызметкерлері болған. Жүнісовтің сөзінше, "Қазақтелеком" директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Найзабеков пен Қайрат Сатыбалдыұлы жақсы таныс болған және олардың бәрі ер адам үйқамақта болғанын білген.
"Артынша Қайрат Сатыбалдыұлы мен Гүлмира келді. Оларды Қайраттың көмекшісі күтіп алды. "Сигма" өкілдері де сөз сөйледі. Қайрат Жүнісов ақша ұрлады ма деп бірнеше рет сұрады, компания өкілдері бұл ақпаратты растамады. Олар бизнес тиімсіз басқарылып жатқанын айтты. Сосын Қайрат пен Гүлмира ақылдасуға шығып кетті. Артынша Қайраттың атынан оның көмекшісі шығып, аудит нәтижесін айтты. Ол Гүлмира мен Қайрат менің астаналық кәсібімді өздеріне алатынын, ал негізгі компаниям өзімде қалатынын айтты", - дейді жәбірленуші.