Қазақ халқын жалқау, қолынан іс келмейтін бойкүйез деп жатады. Оған толық келіспеймін. Жұрттың көбін қалаға көшуге мәжбүрлеген үкіметтің жасаған қате саясаты. Бәлен гектар алқапты 49 жылға деп жалға алып алған бай-манаптар ол жерді не өздері пайдаланбайды, не өзгенің пайдасына бермейді. 5-10 тұяқ малын жақсылап бағып, санын да, сапасын да өсіріп алған соң, оны бағатын жер тарылады, сатып жіберіп, қалаға қарай ауады.
Түпкі себеп не?
Қысқаша айтқанда, біздің жабайы капиталистік қоғамды әпербақан «мафиялық жүйе» уысында ұстайды. Бір-бірімен жалғасқан құда-жекжат, нағашы-жиен, немере бауырлық топқа ұйысқан, қолында ақшасы, Астанада министр-депутат туысы бар азғантай қалталы топ көп қазақтың әрі қарай жұмыс жасауына мүмкіндік бермейді (оған Солтүстік өңірлердегі орыстар мен өзге де ұлттар қожалық ететін ірі алқаптарды қосыңыз).
Ұн мен жем мәнерлейтін діирмен салады, онысын жүргізбейді. Мал бордақылайтын шаруа қожалығын құрады, оның базары жоқ (бар, бірақ, жоқ...). Үкіметтің 25 жыл бойы салғырт, немкетті жүргізген әлсіз саясатының кесірінен қаншама жердің иесі болса да пайдаланылмай, не егін егілмей, не мал бағылмай жау шақырған бір себебі осында жатыр. Қайсар Қазақ сонда да жауын арасынан жол тауып, ептеп күнін көріп келгенімен, Қазақ елінде ұлттық буржуазияның толық қалыптаспаған себебі сол. Байлық азғантай топтың қолына өтіп, қара халықтың бір нанға зар болып отыруының арғы себебі – мемлекеттегі қаншама құнарлы егістік һәм жайлымды жерлердің бос тұруына алып келді. Жерді сату мен жалға беру тоқтатылып, оны қалай пайдалану жөнінде тың өзгерістер мен нәтиже берер жоспарлар түзілсе қазақтың алдына қазы-қартасы мен майлы тоқашы қайта оралар еді...
Ұларбек Дәлейұлы