Жамбыл облысының тұрғыны наурыздағы жер сілкінісін өндірістік кәсіпорынның қызметімен байланыстырғаны үшін сотқа тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Әкімшілік кодекстің 456-2-бабы, 3-бөлігі («Жалған ақпаратты желіде тарату, ол қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе ұйымның заңды мүдделеріне қауіп төндіретін жағдай туғызуы мүмкін») бойынша Тұрар Рысқұлов ауданының сотында қаралды.
Наурыз айының соңында ауданда жер асты дүмпулері сезілген. Осыған байланысты ер адам Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, жер сілкінісін алтын өндіретін фабриканың қызметімен байланыстырған.
– Сот барысында азамат хаттамамен келіспейтінін айтып, кінәсін мойындамады. Ол 2003 жылы Тұрар Рысқұлов ауданында жер сілкінісі болып, зардап келгенін еске салды. Қорқыныштан Instagram желісіндегі парақшасында алтын өндіретін кәсіпорында жарылыс болуы мүмкін деген күдігін жазған. Сот оны әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деп тапты, себебі азамат өз азаматтық құқығын жүзеге асырған, – деп мәлімдеді сот.