Жемқорлардан қайтарылған ақшаға жаңа медициналық нысандар салынады

Ақтоты Жапатова 25 нау. 2025 11:35 1268

Қайтарылған активтер есебінен Ақмола облысының 10 ауылында жаңа медициналық нысандар салынады, – деп хабарлайды Dalanews.kz 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым салу жөніндегі жобаларды жүзеге асырып келеді.

"Облыстың бірқатар ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) мен дәрігерлік амбулаториялар құрылысын аяқтау жұмыстарына Арнаулы мемлекеттік қордан 1,7 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.

Барлығы 4 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт салынады. Әр ауысымда 405 науқасты қабылдай алатын дәрігерлік нысандар ауылдық жерлерде халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Ақмола облысында мына ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар салынады:

  • Аршалы ауданы Арнасай ауылы;
  • Астрахан ауданындағы Ескі Қалқұтан ауылы;
  • Жарқайың ауданы Пятигорское ауылы;
  • Целиноград ауданы Жаңа Есіл ауылы.

Сондай-ақ:

  • Жақсы ауданы Киров ауылы;
  • Целиноград ауданы Жарлыкөл ауылы;
  • Бұланды ауданы Партизанка ауылы;
  • Бұланды ауданы Алтынды ауылы;
  • Шортанды ауданы Пригородное ауылында ФАП-тар салынады.

Целиноград ауданының Шалқар ауылында медициналық пункт пайдалануға беріледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар