Жеміс пен жеңіс – мерекесі

Dalanews 05 қар. 2017 12:05 1021

Ордабасы ауданында «Алтын күз» мерекесі салтанатпен атап өтілді. Шара аясында ауылшаруашлық өнімдерінің жәрмеңкесі, асыл тұқымды мал, ауылшаруашылық техникаларының көрмелері ұйымдастырылды. Шаруаларды айтулы күнмен құттықтаған аудан әкімі Рашид Қайыпжанов:

– Еліміздің жетістіктерінде Ордабасылықтардың да елеулі үлесі барын ерекше атап өтпекпін. Несібесін еткен еңбегінен күткен жерлестеріміз үшін биылғы жыл жемісті болды. Былтыр ауданымыздың диқандары 53 200 гектарға дәнді дақыл ексе, биыл бұл көрсеткішті 55 172 гектарға жеткізді. Жыл басынан бері 15 гектардан астам жылыжай іске қосылып, 700 гектарға тамшылатып суғару әдісі енгізілді. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 7 мыңға жуық уақ мал, «Құлан» бағдарламасымен 400-ге жуық жылқы, «Сыбаға» бағдарламасымен 2 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара мал алынды. Аудан бойынша қазіргі таңда 59 200 тонна көкөніс, 49 822 тонна бақша өнімдері жиналған, – деп аудан жетістіктеріне тоқталды.

Таяуда облыс көлемінде тұңғыш рет ауылшаруашылық саласының жетістіктеріне арналған «Агрофест-2017» фестивалі өтті. Бұл шарада Ордабасы ауданы озық көрсеткіштері үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы сертификатын иеленгенін де атап өткеніміз жөн.

Мәселен, озық технологияларды өндіріске ендіру бойынша облыста Ордабасы көш бастап тұр.

Ет өндіру мен тамшылатып суғару әдісін ендіруден ІІ орынды еншіледі. Мақта жинаудан да жүлделі орыннан көрінді.

Салтанатты жиын барысында еңбек ардагерлері мен озаттары Алғыс хаттармен марапатталып, сый-сияпат иеленді.

Облыстық мәслихаттың депутаттары Әділхан Исабаев, Қайнар Абасов, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Күмісбек Сатқанбаев та сөз алып, аудан тұрғындарына ізгі ниет, ақ тілегін жеткізді.

"Алтын күз" салтанаты аламан көкпарға ұласты. Шабандоздар жүйріктерін баптап, мерекелік бәйгенің додасына қосты.



Гаухар Қабылбекова

 

https://dalanews.kz/29294

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар