Желтоқсаннан бастап жылдамдықты асырғандарға айыппұл екі есеге көбейеді

Көркем Алдабергенова 11 қаз. 2024 09:44 2869

Желтоқсан айынан бастап жол ережесін бұзған жүргізушілерге салынатын айыппұлдар мөлшері айтарлықтай көбейеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа әкімшілік кодекс өзгерістері күшіне енеді, алайда сарапшылар бұл шаралардың заңбұзушылықтар санын қысқартатынына сенімсіз.

Екі айдан кейін сағатына 60 шақырымнан жоғары жылдамдықты асырған жүргізушілер 40 АЕК көлемінде, яғни 147 мың теңге айыппұл төлейтін болады. Қайталанған жағдайда бұл сома 221 мың теңгеге дейін артады. Қазіргі уақытта мұндай заңбұзушылықтар үшін айыппұл мөлшері 73 мың теңгені құрайды.

Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков айыппұлдың көбеюін қолдайтынын айтады. Оның пікірінше, жылдамдықты 5 шақырымға дейін асырып жіберу байқалмай қалуы мүмкін, алайда норма 40 шақырым болғанда, 100 шақырыммен жүру анық заңбұзушылық деп есептеледі. Ал басқа сарапшылар айыппұл сомасының артуы бұзушылықтарға әсер етпейді деп санайды. Олардың айтуынша, 73 мың теңге айыппұлдан қорықпаған адам 147 мың теңгеге де алаңдамайды, себебі мұндай заңбұзушылықтарды көбіне материалдық жағдайы жақсы адамдар жасайды. Бұған қоса, олар жүргізуші куәлігінен айыру мен алғашқы 7 күндегі 50% жеңілдік мүмкіндігін алып тастауды ұсынады.

"За рулем" журналының бас редакторы Алексей Алексеев болса, инженерлік шешімдерге мән беру керек деп есептейді. Оның айтуынша, қалада жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік жасамау қажет. Мысалы, қиылыстарда жасанды тарылтулар орнату және қауіпті учаскелер картасын жасау секілді шаралар жүргізушілердің тәртіп бұзуына тосқауыл болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар