2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда халықтың қолма-қол доллар сатып алуы рекордтық көрсеткішке жетті. Айырбастау пункттерінің деректеріне сәйкес, желтоқсан айында тұрғындардың шетел валютасын таза сатып алу көлемі 322,8 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Never.Aqsha телеграм арнасының мәліметінше, бұл көрсеткіш 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда шамамен 1,8 есе көп. Ол кезде доллар сатып алу көлемі 176 млрд теңге деңгейінде болған.
Долларға деген сұраныс ел аумағы бойынша айтарлықтай артқан. Әсіресе, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында валюталық операциялар көлемі жоғары болды. Сонымен қатар Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарында да доллар сатып алу айтарлықтай ұлғайғаны тіркелді.
Осы кезеңде қазақстандықтар ресейлік рубльден бас тартуды жалғастырды. Желтоқсан айында рубльдің таза сатылымы 11,8 млрд теңгеден асты, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,4 млрд теңге болған.
Ал еуроға деген сұраныс керісінше, төмендеген. 2025 жылдың желтоқсанында еуромен жасалған операциялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайған, әрі сұраныс қалыпты деңгейде қалған.
