Желіде Назарбаевтың портреті қоқыста жатқан видео тарады

Сағыныш Сардарова 02 мам. 2024 12:44 2945

Әлеуметтік желіде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті қоқыста жатқаны көрінетін видео тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желідегі мәліметке сүйенсек, видео Астанада түсірілген. Ал желі қолданушылары арасында бұл жайт қызу талқыға түсті.

"Ұяттары жоқ, апарып ілген адам да тура сол жерден табылмайтынына кепілдік бар ма?", "30 жыл соғыссыз өмір сүрдік. Дастарханымызда нан бар, балаларымыз тегін оқиды. Қазақстандықтар бұлай жасауға болмайды", - дейді олар.

Кейінгі кезде Назарбаевтың суреті бар туындылар жер-жерден алынып тасталып жатыр. Алғаш рет Талдықорғанда Назарбаевтың ескерткіші құлатылды. Сонымен қатар, Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағынан да тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылы 80 жылдығына орай салтанатты түрде ашылған ескерткіші алынып тасталды.

Ал кейін Алматыдағы метробекеттерінің бірінен Назарбаевтың суреті алынып тасталды. Артынша Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы тағы бір ескерткіші алынып тасталды. Бұл жолы оның Ұлттық музейдегі ескерткіші алынып тасталған еді. Ол ескерткіш 2018 жылы орнатылды.

Тіпті елбасы сөзі кездесетін наградаларға да өзгеріс енді. "Елбасының қауіпсіздігін ерлікпен қамтамасыз еткені үшін" медалі "Лайықты қызметі үшін" медалі болып өзгертілді. "Елбасының қорғаны" төсбелгісі бұдан былай "ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің құрметті қызметкері" деп аталады.

Сондай-ақ, жуырда Қазақстанда nazarbayev.kz сайты жұмыс істемей қалды. Сайт қашаннан бастап қосылмай қалғаны белгісіз. Сайтқа кірген кезде ашылмай тұрғаны байқалды. Ал 2023 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтынан "елбасы" сөзі алып тасталған еді. Сайттың домені өзгеріп, nazarbayev.kz болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар