"Жебеу" бірлестігі: "Универсиаданы ел болып қолдайық!"

Dalanews 26 қаң. 2017 05:39 906

Тәуелсіздіктің 25 жылдық торқалы тойын ел болып атап өтіп, өткенімізге үңіліп, келешегімізге барлау жасағанымыз кеше ғана еді. Енді міне дүбірлі доданың екпіні есігімізді қағып тұр. Ол –  28-ші кезекті бүкіләлемдік қысқы универсиада.

Өткен ғасырдың аяғында Кеңес империясы өз ішінен іріп-шіріп ыдырағанда, жоспарлы экономикаға тұсалып, империяның аграрлы базасына айналған, мұхитқа шығар жолы жоқ, қазба байлық пен мұнай-газға иек сүйеген, үш ғасырлық бодандықтың салдарынан, өз елінде үлесі кеміп, көп ұлтты, көп дінді ұлттар лабораториясына айналған, территориясы әлемнің тоғызыншы орнын ұстайтын, шыт жаңа республика дүниеге келгенде, бүкіл әлем жас елдің келешегіне күмәнмен қараған еді. Әлемдегі «ыстық нүктелерді» сарапқа салған Батыс саясатшыларының жорамалдары Қазақстанға келгенде жаңылысты. Бейбітшілік сүйгіш, техникумнан жоғары білімі бар халқы мен іскер де жігерлі көшбасшысы бар Қазақ елі мемлекет құру мен нарықты қатар алып жүрді. Ядролық қарудан бас тартты, арқаның төсінде Астана салды, Біріккен ұлттар ұйымына мүше болып, Еуропа қауіпсіздік ұйымына төрағалық етті. Ислам конференциясына қатынасып, Шаңхай ынтымақтастық ұйымын құрушылардың бірі болды. Әлемдік діндер съезін ұйымдастырып, Индия мен Пәкістанды, Израил мен Палестинаны бір үстел басына отырғызды. Үлкен сегіздік пен G20-ның құрметті қонағы болып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдарға арналған тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Қысқы Азиаданы абыроймен атқарып, өзінің спорттағы, мәдениеттегі, туризмдегі әлеуетін әйгіледі. Әлемнің әр қиырында тіршілік көзін дәтке қуат қылып жүрген миллионға тарта қандастарын Отан құшағына оралтып, ыстық пен суықты бірге көріп, ата-баба топырағында біте қайнасып кетуіне жағдай жасады. Осының бәрі ұлт пен ұлттың, дін мен діннің, әлеуметтік топтардың арасындағы сүттей ұйыған береке -бірліктің, Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасы. Техниканың дамуы, интернеттің жалпыласуы әлемнің тынысын сәт сайын сезінетін дәрежеге жеткізді. Айналамызға қарап шүкіршілік айтамыз. Десе де, сынықтан басқаның бәрі жұғады дегендей, біздің де іші-сыртымызды кейбір елестер кезіп жүр. Берекемізді, жетістігімізді көре алмайтын мысық тілеулілер әр қадамымызды аңдып тұр.

Универсиада – жастардың жарысы, бәсекесі. Жастардың жігерін жаниды, жастарды еңбекке, бәсекеге, табандылыққа баулиды. Жастар бәсеке арқылы өзін де, өзгені де танып, әлеммен біте қайнасады. Береке мен бейбітшілікті сезінеді. Жастар – біздің ертеңіміз, болашағымыз. Кім жастарға ие болса, болашақ солардікі деген. Сол үшін жастарды қолдайық, елдігімізді көрсетейік. Ұлт пен ұлысқа, кәрі-жасқа, топқа бөлінбей, Универсиаданың ауқымды, сапалы, мағыналы, ертегідей болып өтіуне ат салысайық. Бұл да бір тарихи шешуші кезең.

Бұрын да Елбасының көреген басшылығында бүкіл ел болып, талай ұланасыр додалар мен тарихи маңызы бар жиналыстарды дос қуанып, дұшпан күйінетіндей дәрежеде өткізген едік. Енді бір берекенің, ынтымақтың жұлдызы жанып, әлемнің аңсарын бізге аударатын тарихи сәт туып тұр, Қазақ елі.  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі 2015 жылы ақпанның 26-сында Отанға оралған, миллионға тарта қандастар атынан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауға қатынасуын өтініп, баспасөз мәслихатын өткізген еді. Енді, міне, бірлестік құрылтайшылары, мүшелері бүкіл отандастарымызды осы доданы қолдап, қуаттауға шақырады.

Сайыпқырандарымыз маңдайы жарқырап, бәйгеден келсін.

Омарәлі ӘДІЛБЕК , «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы

2017 жыл 25 Ақпан, Алматы қаласы


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар