Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласындағы құлағалы тұрған жатақхана тұрғындары 4 қазан күні облыстық әкімдік ғимараты алдына жиналды. Халық аудан билігі ұсынған уақытша баспананың нашарлығына наразылық білдіріп, бөлмелерін жекешелендіруге рұқсат беруін сұрады.
Олар өрт қауіпсіздігі мен тазалық ережелеріне сай емес ғимаратты тастап кетпей отыр.
Бастамашыл топ өкілдерімен облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов кездесіп, жатақхана тұрғындарына "ешкім далада қалмайды" деген уәде берді. Бірақ әкімнің орынбасары тұрғындардың бәрі "мемлекеттен баспана ала алмайтынын" ескертті.
Бастамашыл топ пікірі екіге жарылды. Олардың бір бөлігі жатақханадан қумауын сұраса, қалғандары уақытша баспанада тұруға келісті, бірақ тұрғындар вахталы Ақсай қалашығындағы билік ұсынған баспанаға көңілдері толмайды.
Билік өкілдерінің айтуынша, жатақхана кез келген уақытта құлап түсуі мүмкін. Қазіргі таңда бұл ғимаратта 76 отбасы - шамамен 200-дей адам тұрып жатыр, олардың 67-і осы жатақханада тіркелген.