Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Дархан Жазықбаевтың айтуынша, бүгінде жас кадрларды жұмысқа орналастыру алгоритмі әзірленген, мансаптық өсуді бағалау жүйесі, резервшілерді іріктеу нысандары жетілдіріліп жатыр. Президенттік жастар кадрлық резервінің кеңсесі де құрылған, онда «сұраныс карталары» жасалып жатыр.
«Мемлекет басшысының Жолдауында жастар ісін ілгерілеуге қатысты ауқымды міндеттер қойылған. Оларды жүзеге асырудың жаңа тәсілдері тез әрі ұтымды шешімдерді қабылдауды талап етеді. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға өз үлестерін қосатынына сенімдімін. Жастарда күш те, білім де бар. Олар ағымдағы жағдайды қайта бағамдап, тың идеяларды ұсына алады, мемлекеттік аппараттың жұмысын жоғары деңгейге шығара алады», – деді агенттік басшысы.
Ал Президенттік жастар кадрлық резерві кеңсесі кеңесінің төрағасы Айдын Байеділовтің пайымынша, бұл – белсенді жастарды дамыту платформасы.
«Президенттік кадрлық резерв жастарға барлық шекараны ашатын тең мүмкіндіктер мен дағдыларды қамтамасыз ету үшін жұмысын жалғастыратын болады. Шындығында, бұл күрделі әрі көп шаруаны қажет ететін мәселе, сондықтан жалпы жағдайды ескере отырып, біздің кеңсе аталған мақсатқа жетуге жан-жақты көмектеседі», - деді ол.
Айдын Байеділов дамыған мотивация жүйесі негізінде еліміздің, оның ішінде облыстардың, қалалардың өзекті мәселелерін шешуге жастардың кең топтарын тарту аса маңызды екенін жеткізді. Қазақстанда саналы және патриот, белсенді ойы бар ұрпақты қалыптастыруға ықпал ету – бүгінгі биліктің басым бағыты.
«Жастар өкілдерінің үздік идеялары мен жобаларын жүзеге асыру үшін іріктеудің уақыты келді. Талантты және белсенді кадрларды анықтау, жаңа формацияның сұранысқа ие мамандарының пулын құру мақсатында олардың әлеуетін дамытуға жәрдемдесу кезек күттірмейтін іске айналды. Жастардың ағымдағы сұраныстарын және осы саладағы табысты халықаралық тәжірибені талдау негізінде мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлене беруі тиіс», - деді кеңсе жетекшісі.
Айдын Байеділов жастарға қатысты үздік идеяларды, жобаларды және ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен Президент әкімшілігінің қарауына жіберу жоспарланып отырғанын да атап өтті. Демек, бұл Президент жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың жалғасы іспетті, сондай-ақ көшбасшыларға арналған жаңа озық идеялардың ұйытқысы.