ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ АРНАЛҒАН МЕКТЕП

Dalanews 07 сәу. 2025 15:33 153

«Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» – І Халықаралық көктемгі мектеп Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтеді.

2025 жылдың 17-18 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы Ұлттық кітап күніне орай «Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» атты І Халықаралық көктемгі мектеп ұйымдастырады.

Ресми серіктестер: ҚР Ұлттық кітап палатасы, Қазақстан дизайнерлер одағы, «Qazaq Gazetteri» ЖШС, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ, «Шалқар» радиосы.

Ауқымды шараға Қазақстан мен шетелден (Бангладеш, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия, Ресей) келген студенттер, магистранттар, докторанттар, ЖОО оқытушылары, БАҚ өкілдері мен баспа саласының мамандары қатысады. Көктемгі мектеп аясында халықаралық ұйым өкілдері мен саланың танымал мамандары шеберлік сыныптар өткізеді.

Курс спикерлері қатарында ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, журналист Қайнар Олжай, «Мазмұндама» баспасының директоры Шыңғыс Мұқан және өзге де медиа, баспа, дизайн саласының білікті мамандары бар. Қатысушыларға 72 сағаттық сертификат беріледі.

Көктемгі мектептің негізгі бағыттары — медиа мәтінді редакциялау технологиялары, медиадизайндағы жаңашылдық, кітап индустриясындағы жасанды интеллект, фактчекинг және ақпаратты верификациялау, медиаэтика және медиасауаттылық, Digital журналистика.

 

Көктемгі мектеп барысында, жазушы, баспагер, этнограф Зейнолла Сәніктің 90 жылдығына арналған дәстүрлі «Сәнік оқулары» аясында студенттер мен магистранттар арасында республикалық байқау өтеді. Байқау жеңімпаздарына Зейнолла Сәнік атындағы арнайы шәкіртақы табысталады.

Байқауға материалдар 2025 жылдың 13 сәуіріне дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 15 сәуірде жарияланады.

Әдемі Мұсабек,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы, Медиажурналистика мамандығының 3-курс студенті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар