«Шараның мақсаты білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру. Кәсіби білім, білік, дағдыны дамыту, педагогтің жалпы мәдени дамуын, оның тұлғалық көзқарасын және кәсіби маңызды сапаларын жетілдіру», – дейді алғы сөз алған мектеп директоры Құралай Ошанова.
Шараға қонақ ретінде журналист Мұрат Оспанов, Диана Снегина, «Атамұра» корпорациясының директоры, IT маман Алира Тен және аудандық білім бөлімінің мамандары қатысты. Ең қызығы осы қонақтардан бір топ жасақталып олар мектеп оқушыларынан құралған командамен интеллектуалды ойын ойнады.
Одан соң мектеп директорының орынбасары Динара Мұратбекқызы «Жасанды интеллектінің чат боттарын педагог жұмысында қолдану. Швейцария мысалында» тақырыбында баяндама жасап, Швейцарияда іс-сапармен болған кезде алған құнды ақпараттарымен бөлісті.
Артынша мектептің дарынды оқушылары да жасанды интеллекті туралы, өздерінің жобалары жайлы сөз сөйледі. Соның ішінде Герман Арсений жасанды интеллекті күнделікті қалай қолданып жүргені туралы бөліссе, 11 сынып оқитын жас өнертапқыш Мәди Бейсебаев «МО-кап ұстау жаңа технологиясы» жобасы бойынша өзі жасаған робот-қолды таныстырды. Тағы бір мектеп оқушысы Дияр Ушуров қазір телефонға арналған қосымша жасап жатса, екінші бір дарынды шәкірт Матвей Рыбалкин бағдарламалау тілін ойлап тапқан. Жас ғалымдар мен зерттеушілер осы семинарда қаншама жылын арнап жасаған жобаларын, олардың маңызы мен жұмыс принціпін таныстырды. Олар осы жұмыстарымен талай байқауда жүлделі орын алып та үлгеріпті.
«Жиын соңында келген қонақтар оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Олар ЖИ-дің болашағы мен адамзат өміріндегі рөлі туралы талқылап, ойларын ортаға салды. Оқушылар ЖИ адам өмірін жеңілдетуге арналған құрал деген идеяны алға тартса, қонақтар мен мамандар ЖИ адам секілді абстрактілі бола алмайды, бірақ оның күнделікті өмірде беретін игіліктері көп дегенді айтады. Қорытынды пікірді білу үшін арнайы «кьюар код» орнаттық. Қатысушылар осылайша онлайн форматта өз әсерлерімен бөлісті. Осындай керемет бастаманы ұсыныс ретінде тастаған идея авторы – директорымыз Құралай Ошанова. Шара өз мақсатына жетті, талқылау да, таныстыру да, жаңа ақпарат алу да, ойнау да, ойлану да болды», – дейді шара ұйымдастырушыларының бірі Майгүл Бақытбекқызы.