Алматыда жер сілкінісі тағы қайталануы мүмкін. Бұл туралы ХАТУ PhD докторы және Ионосфера институтының жетекші ғылыми қызметкері Марат Нұртас мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Осы тұста ол жер сілкінісіне байланысты бір апталық болжам графикасын ұсынды.
"Біз қысқа мерзімді болжамдар жасап жатырмыз. Осы аптаның талдауын 3 күн бұрын анықтағанбыз. Көрсетілген бір графиктегі қызыл сызықтар "жер сілкінісі болады" деген мағынаны береді. Болжам бойынша, ертең де қайталануы мүмкін", - дейді Марат Нұртас.
Айтуынша, төтенше жағдайдың уақыты нақты айтылмайды және кез келген болжам тек бір аптаға жасалады.
"Уақытын дәл айту қиын. Ол әлі шешілмеген мәселе. Бірақ біз сонда да уақытын сағатпен болмаса да, аптасына айтуға тырысып жатырмыз. Мысалы, көріп тұрғандараңыздай, осы бірінен бесіне дейінгі бес күндік прогнозда жер сілкінісі бүгін болды. Бірақ ертең бола ма, болмай ма оны біз де айта алмаймыз. Тек болжам ертеңгі күнді де көрсетіп тұр....", - дейді маман.
Бұған дейін, Марат Нұртас жер сілкінісі алдын ала болжанғанын және магнитудасы дәл есептелгенін хабарлаған еді.
"Біз тарихи статистикалық деректер арқылы болжам жасаймыз. Яғни, осыған дейін Алматының төңірегінде және Еуразия құрлығында болған барлық жазбаға анализ жасаймыз. Мұны жасанды интеллект, соның ішінде машиналы оқыту әдістерімен арасындағы заңдылықтарды тексереміз. Сонымен қатар статистикалық модельдерді қолданамыз. Біздің лаборатория жер сілкінісін алдын ала болжайды. Алайда уақытымен және күнімен болжау қиын. Тек бір апталық болжам жасай аламыз. Мәселен, өткенде 17-нен 24-іне дейін деп болжаған едік. Бірақ магнитудасы бойынша 6 деп есептедік. Бірақ ол кезде 4 балл болған еді. Осы жолғысын да болжадық. Болжам бойынша, магнитудасын 5,4 балл деп дәл есептедік", - дейді Марат Нұртас.
Маман алматылықтарды алдағы уақытта сақ болуға шақырды. Себебі аталмыш төтенше жағдайдың қайталану қаупі жоғары екенін алға тартады.
"Бұл төтенше жағдайға байланысты халық өте сақ болуы қажет. Себебі бүкіл талдау жасап, арасындағы заңдылықтарды зерттеген кезде жер сілкінісі қауіпті болатын кез наурыз және қараша айлары екені белгілі болды. Деректерді талдауымыз бойынша, осы аралықты жер сілкінісі қауіпті аймақ деп көрсетіп отыр. Сондықтан наурыз айында абай болған жөн", - деп сөзін қорытындылады ол.
Еске салайық, бүгін ҚР ТЖМ "ННЦСН и И" ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 4 наурызда Алматы уақытымен 11.22-де (2024 жылғы 04 Наурызда Гринвич бойынша 06 сағат 22 мин 06 сек) жер сілкінісі тіркелді.