"Жарақат салып, дене мүшесін сындырып қоймайтындай ұру керек" деген ұстаз қызу талқыға түсті

Сағыныш Сардарова 09 сәу. 2024 15:37 2547

Қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Былтыр экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенова өлтірді деген айыппен қамауға алынды. Осы жағдайдан кейін қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық қатаң айыпталады.

Әлеуметтік желіде журналист Сырым Итқұлов ұстаз Ризабек Баталұлы зорлық-зомбылықты пайғамбардың хадистерімен ақтады деп айыптады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист видеода келтірілген сөздерден мысал келтірген.

"Ол әйелдерді ұру керек дейді. Дін бойынша әйелдерді ұрып-соғуға болады екен, тіпті солай істеу керек екен. Ең бастысы - оған ауыр зақым келтірмеу және бір жерін сындырмау. ...Алып-қосарым жоқ", - деп жазды ол.

YouTube желісінде бұл видео 8 жыл бұрын жарияланған екен.

"Әйеліңіз сізге бағынбай кетсе, ер адамның үш жолы бар", - деп жазылған видео сипаттамасында.

"Құранда үш шарт қояды. Тыңдамай қарсы шыққан әйелге ер адамның үш жолы бар. Біріншісі - уағыз-насихат қылыңдар дейді, ... үшінші ұрыңдар дейді", - дейді Ризабек Баталұлы.

Ол видеода "әйелдер тыңдамай, сөз қайтарып, айтқаныңды істемей белгі беретінін" айтады.

"Сол кезде "қой, қой" дейсің. Уағыз айтасың. "Құдай бар, Құдайдан қорық" дейсің. Жоқ тыңдамайды. ... Үшінші қағида бар. Ұрыңдар дейді. Жарақат салып, дене мүшесін сындырып қоймайтындай деңгейде нұқып алу керек, қазақша тілмен айтқанда", - дейді ол.

Желіде бұл видео үзіндісі қызу талқыға түсіп жатыр.

"Еркектерді нұқуға бола ма? Бірақ кімнен сұрап отырмын? Өзінен әлсізді ұруды құптаған адамды да ұруға болады демек", - деп жазды әлеуметтік желідегілердің бірі.

Айта кетейік, қазір әйелін ұрып өлтірді деген айып тағылып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.

Бүгінгі сот отырысында сот-медицина эксперті Тахир Халимназаров жауап берді. Сарапшы процесс барысында манекен арқылы марқұм Салтанат Нүкенованың өліміне қандай жарақаттар себеп болғанын көрсетті.

Тахир Халимназаров сот отырысы барысында судьяның сұрақтарына да жауап берді.

"Қарапайым сөзбен айтсақ, басына соққы жасағанымен қоса, жәбірленушіні қылғындырған ба?" - деді судья.
Ал сарапшы белгілері барын айтты.

Артынша судья "марқұмның басына кем дегенде 12-13 рет соққы жасалып, одан кейін қылғындырған ба, дұрыс па?" деп нақтылады.

"Мүмкін. Иә (мойнынан қылғындырған ба деген сұраққа жауап - еск.)", - деді эксперт.

Бұған дейін сарапшы бұл жарақаттар Нүкенованың мәйітін сараптау нәтижесінде анықталғанын айтқан еді.

Оның сөзінше, мұның бәрі жалпылама бас жарақаты болып саналады. Оған бетіндегі жарақаттар да, бас сүйегіндегі жарақаттар да жатады.

Тахир Халимназаров өлімнің себебін айтқан кезде осы жарақаттардың бәрін бірге қарастыру керек екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар