Жақсылық Омарға қатысты сот отырысы: шенеунік айыбын толық мойындады

Қаракөз Амантай 20 нау. 2026 10:26

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары әрі экс-әкім Жақсылық Омарға қатысты сот процесі басталды. Шенеунік сот отырысында өзіне тағылған айыптарды толық мойындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, іс екі эпизодтан тұрады.

ФБРК дереккөзінің мәліметінше, бірінші эпизодта Жақсылық Омар қызметте жүрген кезінде материалдық көмек ретінде берілген көлікке қатысты жағдайға байланысты күдікке ілінген.

"Жәбірленуші 2021 жылғы Toyota Camry 75 автокөлігін алғанын, кейін оны әкімдікке тапсырғанын айтқан. Алайда көлік кейін үшінші тұлғаға рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңасына ауыстырылған", - дейді дереккөз.

Келтірілген шығын шамамен 13 млн теңге деп бағаланған.

Бұл әрекет ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары (ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша сараланған. Сотта жәбірленуші шығын толық өтелгенін айтып, талап-арызы жоқ екенін жеткізген.

Екінші эпизодта экс-әкімге пара алу дерегі бойынша айып тағылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, ол әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге талап еткен.

"Бұл жағдайдан кейін қызметкер ҰҚК-ге (КНБ) жүгініп, арнайы бақылау ұйымдастырылған.
Нәтижесінде, үшінші тұлға арқылы 6 млн теңге берілген. Кейін тінту барысында 5,6 млн теңге табылған", - деп толықтырды ФБРК телеграм арнасы.

Бұл эпизод ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (пара алу) бойынша қаралуда.

Шенеуніктің соттағы сөзі

Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындады.
Қорғаушылары оны бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

Сондай-ақ туыстары айыппұл төлеу үшін алдын ала 112 млн теңге көлемінде қаражат дайындағаны белгілі болды.

Келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove