Маңғыстау облысындағы "Бұрғылау" мұнай сервистік компаниясының жұмысшылары ереуілін тоқтатып, 6 қазан күні жұмысқа шықты. Өткен аптадан бері ереуілдеткен жаңаөзендік мұнайшылар жалақыны көтеруін және кәсіподақты қудалауды доғаруын талап етіп келді.
Облыс әкімі Алик Айдарбаевтың айтуынша, сәрсенбі күні жұмысшылар белсенділерінің "Өзменмұнайгаз" бен "Бұрғылау" кәсіпорыны басшыларымен кездесуінің нәтижесінде қосымша келісім-шарт жасалып, сервистік компания жыл аяғына дейін алты миллиард теңгеге (18 млн доллар) тағы 34 бұрғы алатын болды.
"Бұл қаражат жыл аяғына дейін жетеді. Жұмысшылар талап еткен бірыңғай төлем жүйесі "ҚазМұнайГаз" компаниясының ішкі құжаты саналады. Жұмыс көлеміне қарай тарифтер де көтеріледі. Бұдан соң "Бұрғылау" өзінің төлем жүйесін қайта есептей алады", - деді әкім.
Бұған қоса, Айдарбаев жұмысшылар таңдаған кәсіподақ жұмысқа кірісетінін айтты. Әкімнің айтуынша, кәсіподақ төрағасы Сәдуақас Бекқалиевке қатысты сот белгілеген шартты жазаны жұмыс беруші бейбіт келісім аясында реттейтін болды.
30 қыркүйекте "Бұрғылау" компаниясының жүздеген жұмысшысы жұмысқа шықпай қойды. Олар бірыңғай еңбек жүйесін енгізу арқылы жалақыны көтеруін, бұған қоса 2014-2016 жылдар аралығында атқарылған қосымша жұмыс ақысын төлеп беруін, кәсіподақ төрағасын қудалауды доғаруын талап етті.