Жаңа Салық кодексі қол қою үшін Президентке жолданды

Кәмшат Тілеухан 25 мау. 2025 11:40

ҚР Парламенті Мәжілісі 2025 жылы 25 маусымда жаңа Салық кодексін мақұлдап, қол қою үшін Президентке жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс кеше Сенаттың енгізген өзгерістері және түзетулерімен келісті:

  • "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдағы;
  • "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы "ҚР Кодексіне және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша ҚР Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдағы.

Құжат қол қою үшін Президентке жолданды.

Айта кетсек, 2025 жылы 30 сәуірде Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. 2025 жылы 8 мамырда ол Сенатқа келіп түсті. Жаңа Салық кодексін шілде айында қабылдап, 2026 жылы 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізу жоспары бар. Расында, күні кеше Сенат аталған заң жобасына тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Расында, кәсіпкерлер тарапынан келіспеушіліктер бар болып шықты. Ал оның қаншалықты жөндеп-мұқауға келетінін алдағы уақыт көрсетеді.

Депутаттар пен Үкіметтің бiрлескен жұмысы нәтижесiнде, соның iшiнде қосымша құн салығы реформасы бойынша мынандай бiрқатар шешiм қабылданған.

  • Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді.
  • Қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
  • Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады.
  • Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ, баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр.
  • Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.
  • Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізім енгізілді.
  • Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді.
  • Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.
  • Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды.
  • Жеке табыс салығының прогрессив шкаласы енгізіледі: жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа 10% (жылына 33,5 млн. теңгеге дейін), одан жоғары болса 15%; дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін 5% (1 млрд. теңгеге жуық) және одан жоғары болса 15%; резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін 10%, одан жоғары болса 17%.

Ал кешегі Сенаттағы өзгертулерге мыналар енеді:

1. Фермерлік шаруашылықтар үшін прогрессивті салық салу ұсынылды: 230 000 АЕК-тен асатын табысқа 15% мөлшерлеме енгізіледі;
2. KASE-де бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерден дивиденд алатын азаматтарға (АХҚО тәрізді) ЖТС бойынша жеңілдік беріледі;
3. Банктік операциялар қымбаттап кетпеуі және халықаралық есептеулерде іркілістер болмауы үшін төлем карталары бойынша операциялар ҚҚС-тан босатылады;
4. Люкс заттарға (автокөлік, кеме, ұшақ) акциз тек импорт кезінде емес, ел ішінде сатылғанда да алынады. Бұл салықты тек жеке тұлғалар төлейді;
5. Мемлекеттік бағалы қағаздармен операциялардан табыс табатын резидент еместер үшін жеңілдік сақталады. Бұл инвестициялардың кетуіне жол бермеу үшін қажет;
6. Салықтың ауырлайтын нормалары тек 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп нақты белгіленді;
7. Камералдық бақылау бойынша хабарламаларға жауап бермеген жағдайда электронды шот-фактураларды уақытша тоқтату тетігі енгізіледі;
8. Құрамында мүгедектігі бар кемінде 10 адам жұмыс істейтін кәсіпорындардың айналымы ҚҚС-тан босатылады;
9. Отандық баспа басылымдары үшін ҚҚС мөлшерлемесі 10% болып бекітіледі;
10. Қоршаған ортаға теріс әсері бар, бірақ тіршілікке қажетті нысандар үшін қолданыстағы экологиялық төлем мөлшерлемелері сақталады;
11. Шаруа қожалықтарына өтеусіз берілген мүлік салық салынатын табыс болып есептелмейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар