Жаңа Салық кодексі: Жұманғарин қандай өзгерістер болатынын айтты

Сағыныш Сардарова 09 сәу. 2025 11:16 439

Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жоба былтыр қыркүйектен бастап қаралып жатқанын, биыл оған тұжырымдамалық түзетулер енгізілгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бірінші – қосылған құн салығы 16% болады. Екінші – қосылған құн салығының шегі. Қосылған құн салығы бойынша шек 40 млн. теңге мөлшерінде белгіленеді.

Үшінші – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Төртінші – әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайтын болады. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10% болады",- деді вице-премьер.

Жұманғариннің сөзінше, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады.

"Бесінші – банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Олардың бағасының өсуіне жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп, ағымдағы бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді. Алтыншы – арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі. Жетінші – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бойынша бәрін сол күйінде қалдырамыз. Яғни, 70% жеңілдік қалады. Сегізінші – өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынады", - деді ол.

Ұлттық экономика министрі Салық реформасынан не күтілетінін айтты.

"Нәтиже айқын сезілетін болады: жылына қосымша 4-5 трлн теңге салық түсімдері, Ұлттық қорға тәуелділіктің төмендеуі, бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді.

Иә, өзгерістер инфляцияға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл әсер уақытша болады және бір жыл ішінде күтілуде. Біздің есептеулеріміз бойынша қосымша инфляция 2,5-3%-ды құрайды. Бұл жобаның негізгі ұсыныстары. Біздің бірлескен жұмысымыз елдің дамуы үшін қаржылық негізді қамтамасыз ететін және халықтың кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыратын жаңа әділ салық жүйесін құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді Жұманғарин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар