Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауының мән-маңызы айрықша болды. Президент өз сөзінде Жолдаудың арқалайтын жүгі ауыр, ауқымы кең, мазмұны да бөлек екендігін атап өтті.
Президент жылдың басты құжатында қасіретті қаңтар оқиғасындағы мәселелерге жан-жақты тоқталып, ел дамуында саяси жаңғыру болуы керектігін айтты. «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе», деді ол.
Мемлекет басшысы елімізді дамыту жолында барлық салаларды жүйелі жаңғыртып, жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып, ашық, халыққа құлақ асатын мемлекетке айналуымыз қажеттігін ерекше атап өтті. Саяси маңызды құжатта ол:
- Президент өкілеттілігін қайта қарауды, оның партия басшылығында болмауын заңмен бекітуді;
- Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілер болып және квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарға тағайындалуына тыйым салуды;
- Парламенттік басқару жүйесін күшейтуді;
- Сайлау жүйесін жетілдіруді;
- Мажоритарлық жүйе негізінде халық арасынан шыққан азаматтардың сайлауға қатысуына мүмкіндік беруді (70% параламенттік, 30% мажоритарлық негізде);
- Орталық сайлау комиссиясы, Конституциялық кеңес мүшелері, әкімдер мен олардың орынбасарларының партия мүшелігіне сайланбауын;
- Сайлауалды бағдарламасында берілген уәдесін орындамаған депутаттарды уәкілеттігінен босатуды;
- Құқықтық мемлекет құру мақсатында Конституциялық сот құруды;
- Адам құқығын қорғау бойынша заң үстемдігін қамтамасыз етуді;
- БАҚ бәсекелестігін арттыру мақсатында ашық ақпараттық кеңістікті құруды, медиа саланы дамытуды;
- Азаматтық белсенділік пен азаматтық қоғамды дамытуды;
- Халық пен билікті жақындату мақсатында Ұлттық құрылтай құруды;
- Өңірлерді дамыту мақсатында Семей аймағында Абай облысын құруды;
- Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құруды;
- Алматы облысын екіге бөліп, Алматы және Жетісу облыстары деп құруды;
- Алматы облысының орталығын Қапшағайға көшіріп, Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру беруді;
- Агроөнеркәсіпті дамытуды;
- Геосаяси жағдайда шекарамызды бекемдеп, радикализім мен тәуелділікке жол бермеуді;
- Қаржылық-экономикалық саланы күшейтуді, түрлі алып-сатарлыққа жол бермеуді ұсынды.
Сөзін қорытындылай келе, Президент Жаңа Қазақстанды құру үшін әр адам өзгерісті өзінен бастап, өткеннен тағылым алып, келешекке кемелдеуі қажетітігін атап өтті.
Жанатбек ІШПЕКБАЕВ, «Абай атындағы ҚазҰПУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы, Ректордың кеңесшісі