Жамбылдағы шұрқ-тесік жолдар үшін шенділер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
7 ай ішінде тасжолдарда 2 111 тексеріс өтіп, 14 988 шақырым жол жабыны қаралған. Тексеріс нәтижесінде жол таңбасы бүлінуінен бастап инфрақұрылымның техникалық талаптарға сәйкес келмеуіне дейін түрлі сипаттағы 9 494 ақау анықталған.
Жол ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 2 111 нұсқау берілген.
"Бұл ретте тек нұсқау берумен шектелмейміз, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Адамдардың қауіпсіздігі - біздің басты басымдығымыз", - деді Жамбыл облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция бөлімінің бастығы Азамат Бақытұлы.
Облыс көлемінде 263 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.
Сонымен қатар, берілген нұсқауды орындамағаны үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Жамбыл облыстық филиалына ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 31 әкімшілік хаттама толтырылған.