Заңгер Молдахан Әділетхан Жамбыл облысында алты адам қаза тапқан жол апатына қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заңгер жол апатына кінәлі – Тойота Альфард жүргізушілері екенін атап өтті.
«Альфард, минивен айдайтындар Қызылордадан Астанаға барады, Астанадан бері үйіне, ауылына қарай қайтады. Үйіне келіп, талып ұйықтайды. Адам дәл солай өмір сүре берсе миы «өшіп» қалады. Қанша мықты болсаң да, жас болсаң да, қаншама энергетикалық сусын ішсең де ұйықтап кетесің. Сол минивендерге отыратын халық, қалай қорықпайсыздар? Оның үстіне ұзақ жол жүрсеңіздер «Альфардқа» отырмаңыздар.
Полиция қызметкерлерінің көлігінде ескертетін жарық (мигалка) жанып келе жатыр, ол өзінің жолағында сағатына 90 шақырыммен келе жатады. «Альфард» қарсы жолаққа шығып кетеді, бірақ өзі ұйықтап кеткен. Егер жүргізуші ұйықтап кетпеген болса қарсы жолаққа шықпас еді, себебі полицейді көріп тұр. Қарапайым халыққа айтарым, полиция болмаса тасжолда қырылып қаласыздар», - дейді заңгер.
Молдахан Әділетхан көп жүргізуші тасжолда асқан жылдамдықпен жүретінін айтады.
«Полиция жаман» деген түсінік дұрыс емес. Полиция болмаса көшеде емін-еркін жүре алмайсың. Көлігіңді қойсаң оны тонап кетеді, көшеде кетіп бара жатсаң әлдекімдер ұрып-соғып, телефоныңды алып кетеді. Үйіңде тыныш жата алмайсың, сыртқа шығып кетсең қылмыскерлер әйеліңді зорлап кетеді. Полиция болмаса басқа да қылмыстар көбейеді. Полиция халықтың тыныштығын ойлап, күзетеді. Полиция болмаса бейберекет жағдай болады, 90-жылдарға ораламыз. Қазір бір жағдай болса не істейсіз? Ештеңе істей алмайсыз, ең бірінші кезекте 102-ге хабарласасыз. Олар келіп, көмектеседі», - дейді Молдахан Әділетхан.
Еске салайық, Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін қазақстандықтар Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін Тойота Альфард маркалы автокөліктеріне қарсы шыққан болатын.
Желі белсендісі Бекайдар Алмұханов қазақстандықтарды Тойота Альфард көліктеріне мінбеуге шақырды.
"Бүкіл жерге қарасаң осы көлік. Қазақстанда бұдан басқа көлік қалмады ма? Неге "Альфард" жүргізушілерінің көпшілігі такси? Сіздерге айтар ақылым, "Альфард" автокөліктеріне мінбеңіздер. Түндегі сұмдық жағдайда көліктің ішіндегі төрт адам тірідей жанып кетті, екі полиция қызметкері қайтыс болды.
Көлікті тізгіндейтін бесіктен белі шықпаған жас балалар. Фараларды «өлтіріп» жағып, ыржың-тыржың етіп, тасжолда өздерінен басқа адам жоқ сияқты еліріп жүреді. Ішкі істер қызметкерлері олардың заңға қайшы орнатылған фараларын алып тастауы тиіс. Тағы да айта кетейін, Еуропа елдерінде жүк көлігі жүргізушілеріне тахограф (жүргізушілердің қозғалысын тіркеуге арналған механикалық немесе электронды бақылау құралы) қойылады. Тойота Альфардтарға да дәл осындай құрылғы қою керек, олар аталған чип-картамен заңды бұзбай айдауы тиіс. Әр қаладан келген сайын полиция қызметкерлері Альфард иелерін тексерсін», - дейді блогер.
Бекайдар Алмұханов "Альфард" иелерінің көлікті басқару техникасы дұрыс емес екенін айтады.
"Көліктің газын түбіне дейін баспаса, Альфард да жын қуғандай жүрмес еді. Көлікті жаймен, байсалды айдайтын жүргізушілер де бар. Алайда қазіргі күні осы көлікті тізгіндегендердің дені жас балалар. Осы турасында полициядан маңызды ақпарат алдым. Тойота Альфардтың рөлінде көбіне-көп 2000 жылдардың бас кезінде өмірге келген буын отыр", - дейді блогер.
Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 17 тамыз күні түнгі сағат 01:00 шамасында республикалық маңызы бар Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолының 34-ші шақырымында, Меркі ауданына қарасты Тәтті ауылының маңында жол-көлік оқиғасы болған. Тoyota Alfard минивені мен Skoda-Octavia полиция көлігі бетпе-бет соқтығысып, минивэн өртеніп кеткен.
Тойота Альфард көлігінде 8 жолаушы болған. Олардың төртеуі сол жерде қаза болып, үш жолаушы мен жүргізуші әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды.
Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.