Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Көкірекбаев қамауға алынды

Қаракөз Амантай 26 шіл. 2024 10:17 3820

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі және "Қазселденқорғау" бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаев сот залында қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылдың 7 маусымында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ақтаған.

Оның орынбасары Ахатаев пара алғаны үшін, ал Bazis Construction Infr ЖШС филиалының директоры Поплавский аса ірі мөлшерде пара бергені үшін кінәлі деп танылды.

"Алматы облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2024 жылдың 7 маусымдағы алқабилердің қатысуымен Кәрім Көкірекбаевқа, Әділ Ахатаевқа, Андрей Поплавскийға шыққан үкімнің күші жойылсын. Қылмыстық іс басты сот талқылауын өткізу үшін іс қаралған сотқа жолдансын", - делінген іс материалдарында.

Орынбасары және пара беруші ЖШС директоры – екеуі де сот шешімімен 11 жылға сотталды.

Алматы облысының прокуратурасы бірінші сатыдағы соттың қателіктеріне байланысты Көкрекбаев үкіміне апелляциялық шағым түсірді.

2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты апелляцияны қанағаттандырып, істі қайтадан қарауға жіберді. Үкімнің күшін жойды. Кәрім Көкрекбаев сот залында қамауға алынды.

Айта кетейік, 2023 жылдың мамыр айында Антикор осы іс бойынша айыптылар кәсіпкерлерден 396 миллион теңге пара алғанын жариялады.Оның ұсталғаны туралы 2022 жылдың 27 желтоқсанында белгілі болды. 

Еске салайық, Кәрім Көкірекбаев әр жылдары Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының әкімі, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, "ЭйрҚазақТур" ЖШС-нің бас директоры, "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының вице-президенті, басқарушы директоры, даму жөніндегі вице-президенті, бас инженері болып қызмет еткен. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімнің бірінші орынбасары лауазымында болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар