Қыркүйек айында Маңғыстаудан бастау алған лекторий бүгін Жамбыл облысының Қордай, Масаншы, Сортөбе, Қаракемер ауылдарында жалғасын тапты.
Лекторий аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов аталмыш ауылдардың қазіргі жай-күйін білу үшін жергілікті халықпен бірқатар кездесулер өткізді.
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Д.Кәрібек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин қатысты.
Ассамблея Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Жамбыл облысына іс-сапары Қаракемер ауылынан бастады. Ауылдың спорт кешенін аралап, қызметімен танысып, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, этносаралық қатынастарға қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.
ҚХА өкілдерінің іс-сапары аясында жоспарланған тағы бір маңызды кездесу Қордай ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Пікір алмасу форматында өткен бұл кездесудің басты тақырыбы Ақсақалдар кеңесінің қызметі және ауылдағы халықтың назарында жүрген өзекті мәселелер.
Кездесуде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, өзге этностарға қазақ тілін үйренуге көмектесу, Ассамблея жастарының жұмысын жандандыру, оларға қолдау білдіру, Ақсақалдар кеңесінің қызметімен танысу және осы секілді басқа да жұмыстардың барысына баса назар аударды.
Лекторийдің басты мақсаты – барлық қазақстандықтардың ортақ мәдени коды, бірыңғай құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи сана негізінде халық бірлігін нығайту болып табылады.
Мәдениет үйіндегі мұражайды аралап, оның жұмысымен танысқан Марат Әзілханов Сортөбе ауылындағы Имамдар үйіне де барып қайтты.
Аталған кездесу барысында ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ауыл имамдарының жұмыстарымен танысты. Ассамблеяның атқаратын қызметін, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін одан әрі нығайту жөніндегі шаралар талқыланды.
Іс-сапар аясында облыстық ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай және Кеңестің өкілдері қатысты.
Аналар кеңесінің отырысында Ассамблея қызметінің басты бағыттары бойынша Кеңеске қатысты бірқатар мәселелер талқыға салынып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.